Хаби Алонсо: «Қайрат» физикалық та, тактикалық та жақсы дайындалған

Мадридтік «Реалдың» бас бапкері Хаби Алонсо «Қайратқа» қарсы ойын алдындағы баспасөз мәслихатында журналистердің сұрақтарына жауап берді:
— Біз үшін қарсылас кім екені немесе қай елде ойнайтынымыз маңызды емес. Бұл — Чемпиондар лигасы, ал біз үшін бастысы — жеңу. Біз қателер мен сәтсіз ойынды сараптадық. Енді біз Чемпиондар лигасы режиміндеміз және жеңіске дайынбыз, — деді Хаби Алонсо кіріспе сөзінде.
— Вальверде команданың ішінде коммуникация жетіспейді деді. Сіз бұған келісесіз бе?
— Команда ішінде түсіністік жетіспейді деп ойламаймын. Біз әлі жаңа жобамыз және оны әрі қарай дамытып келеміз. Біз жақсара береміз.
— Жақында ауыр матч өткіздіңіздер және ұзақ сапар болды. Бұл ойынға әсер ете ме?
— Ұзақ сапар ұнай ма, ұнамай ма, ол маңызды емес, біз бейімделуіміз керек. Ұзақ ұшу біз үшін сылтау бола алмайды.
— Негізгі ойыншыларды демалдыруыңыз мүмкін деген әңгімелер болды. Солай ма?
— Қалай болғанда да алаңға 11 ойыншы шығады. Кім болса да, олар жүз пайыз күш салады. «Қайрат» алғаш рет Чемпиондар лигасында ойнайды, бірақ олар жақсы ойнай алатынын және нәтиже бере алатынын көрсетті.
— Сіз тактиканы өзгертіп, «Қайратқа» бейімделесіз бе?
— Біз шабуылдауға және прессингті жалғастыруға тырысамыз. «Қайрат» физикалық та, тактикалық та жақсы дайындалған. Біз үшін ойын басында гол соғу маңызды болады.
— «Қайраттың» ойынына дайындалдыңыздар ма, олардың алдыңғы матчтарын көрдіңіздер ме?
— Біз «Спортингке» және «Селтикке» қарсы матчтарын көрдік. Олар шабуылда әртүрлі нұсқаларды қолдана алады, комбинациялық футболды жақсы ойнайды. Португалиядағы жеңіліске қарамастан, олардың көп мүмкіндігі болды және жақсы дайын болды.
— «Қайраттың» құрамынан кімді ерекше атап өтесіз?
— Бұл ойынға дейін мен «Қайратты» жақсы білмейтінмін. Бірақ қазір команданы жақсы зерттедік және біз жүз пайыз ойынға дайынбыз.