logo

Рафаэль Уразбахтин: «Реалмен» ойын – жай ғана әдеттегі матч емес

Рафаэль Уразбахтин: «Реалмен» ойын – жай ғана әдеттегі матч емес

«Қайраттың» бас бапкері Рафаэль Уразбахтин «Реалға» қарсы ойын алдында журналистердің сұрақтарына жауап берді.

— Матч — тарихи, бүкіл Қазақстан мен біздің клуб үшін. Бұл жай ғана әдеттегі ойын емес. Ертеңгі кездесуді тағатсыздана күтеміз. «Реал Мадрид» сияқты клубтың Қазақстанға келгеніне қуаныштымыз. Одан да қуаныштысы — біз «Реалды» өз алаңымызда қабылдаймыз, — деді кіріспе сөзінде Уразбахтин.

— Рафаэль Радикович, «Реалдың» «Атлетикоға» қарсы ойынын көрдіңіз бе, қандай қорытынды жасадыңыз?

— Біз «Реалдың» соңғы бес кездесуін қарап шықтық. Сондай-ақ клубтық әлем чемпионатында ПСЖ-ға қарсы ойынын талдадық. Ондай сәттер болады. Жеңіліс — футболдың ажырамас бөлігі. «Атлетикоға» қарсы ойынға аса назар аударған жоқпыз. Олар сәл жүйесін өзгертті, бәлкім, содан бірдеңе шықпай қалған шығар, бірақ ол жағын бағаламаймын. Біз көбірек жеңген ойындарын талдадық.

— «Реалда» әлсіз тұстар бар ма, әлде сіздер қандай жолмен жеңіске жете аласыздар?

— «Реалдың» айқын әлсіз тұсы жоқ. Біз кейбір нәрселерді таптық, бірақ ол кез келген командада болады. Қазір нақты детальдарға тоқталмаймын. Көргенімізді пайдалануға тырысамыз.

— «Реалдан» гол жібермеуге не көмектеседі?

— Бұған дайын нақты рецепт жоқ. Біз күшімізді командалық рух пен тәртіптен аламыз. Іріктеу кезеңінде қалай ойнасақ, солай ойнауға тырысамыз. Көп нәрсе жанкүйерлерімізге байланысты.

— Шерхан Қалмырзының Чемпиондар лигасындағы дебютінен кейінгі жағдайы қалай?

— Онымен қақпашылар бапкері Илья Сергеевич Юров көп жұмыс істейді. Мен оған сенемін. Қақпашылар — бөлек категория, олар теорияға көп уақыт бөледі. Юровтың жұмысына араласпаймын — ол не істеу керегін жақсы біледі. Шерхан «Спортингке» қарсы матчта өзін жақсы көрсетті. Ертең бәрі дұрыс болса, алаңға шығады. Көрерміз.

— Чемпиондар лигасындағы ойындар ел чемпиондығына күреске кедергі келтіре ме?

— «Жетісумен» матчы қазанның 5-іне ауыстырылды. Біз әр төрт күн сайын ойнауға үйренгенбіз. Сондықтан бұл кедергі болады деп ойламаймын.

— Георги Зарианың жағдайы қалай, ертеңгі матчқа дайын ба?

— Қазір ол толық дайын емес, бірақ жалпы топқа оралды. Біз үшін ол алаңда ғана емес, киім ауыстыратын бөлмеде де көшбасшылардың бірі ретінде маңызды. Бірақ әзірге толыққанды формада емес.

— Еуропада ойыншылар алаңда сөйлескенде аузын қолымен жабады. «Спортингке» қарсы ойында ерніңізден көп нәрсе оқуға болатын еді. Бұл бағытта жұмыс жүргізесіздер ме?

— Мен көбіне тактикалық жұмыспен айналысамын. Бұл сұрақ көбірек біздің баспасөз қызметіне қатысты шығар. Қазақстанда екі-үш камерамен түсіреді — онша ештеңе көрінбейді. Біз сөйлескенде ауызды жабуға әлі дағдыланбағанбыз. Ертең түзетуге тырысамыз.

— Хаби Алонсоға тактикалық тосынсый дайындап қойдыңыз ба?

— Бұрын да айтқанмын, мен белгілі бір деңгейде Хаби Алонсоның жұмысына жанкүйермін. Оны «Байерде» бақылағанмын. Оның командалары үнемі шабуылға бейім футбол ойнайды. «Реалда» да оның принциптеріне тән өзгерістер көрініп тұр, бірақ әлі уақыт қажет сияқты. Бізде шабуылда қалай ойнайтынымыз, қай бағытта нәтижеге жете алатынымыз жөнінде ортақ түсінік бар.

— Сізде матч алдында немесе одан кейінгі арнайы ритуалдар бар ма? Сізді бірінші болып кім құттықтайды?

— Ритуалдарға қатты сенбеймін. Бәрі біздің жұмысымызға байланысты. Күн тәртібіне қатысты кейбір нәрселерді қайталай береміз. Командадан қандай жақсарту қажет, не қосу керек деген кері байланыс аламыз.