Астанада KFF Awards 2026 марапаттау рәсімі өтті
Елордада футбол маусымы қорытындыланып, отандық футболдың үздіктері марапатталған дәстүрлі KFF Awards 2026 салтанатты рәсімі өтті, деп хабарлайды Sport+ ҚФФ ресми сайтына сілтеме жасап.
Іс-шараға Қазақстан футбол федерациясының президенті Марат Омаров, Бас хатшы Скотт Манн, қазақ футболының ардагерлері, кәсіби клубтардың басшылары, сондай-ақ Қазақстан ұлттық және жасөспірімдер құрамаларының ойыншылары қатысты.
Салтанатты кеште өткен маусымда жарқын ойын өрнегін көрсеткен футболшыларға жеке марапаттар табысталды. Ұлттық құрама ойыншысы Жасұлан Әмір бірден екі аталымда жеңімпаз атанды. Ол «Жыл серпілісі» және «Премьер-лиганың үздік жас ойыншысы» марапаттарына ие болды. Қазақстан ұлттық құрамасының қақпашысы Бекхан Шайзада маусымның «Үздік қақпашысы» деп танылды. Жастар құрамасының шабуылшысы Артем Литош Бірінші лиганың «Үздік ойыншысы» және «Үздік сұрмергені» аталымдарында топ жарды. Қазақстан WU-19 құрамасының ойыншысы Әсел Жолболат «Жыл серпілісі» марапатына ие болды.
Кеш бағдарламасында төрешілер корпусына да ерекше назар аударылды. ҚФФ Төрешілік және қадағалау департаментінің директоры Нуно Александре Перрейра де Каштру арнайы марапат табыстап, төрешілердің кәсіби еңбегін атап өтті. Осы бөлім аясында Артем Кучин мен Эльвира Нұрмұстафина марапатталды.
Салтанатты рәсімнің әсерлі сәттерінің бірі — FIFA Talent Development Scheme бағдарламасы аясында құрылған ҚФФ академиясының алғашқы түлектерін ұлықтау болды. Ішкі және халықаралық ареналарда жоғары нәтиже көрсеткен жас футболшыларға FIFA-ның футболды жаһандық дамыту бөлімінің жетекшісі Арсен Венгер мен FIFA сарапшысы Стюарт Холлдың құттықтау бейнеүндеулері көрсетілді. Академияның 16 түлегінің әрқайсысына Қазақстан ұлттық құрамасының жаттықтырушылар штабы естелік дипломдар табыстады.
KFF Awards 2026 рәсіміндегі жаңалықтардың бірі — футболды ақпараттық тұрғыда насихаттау мен клубтардың медиа жұмысына арналған арнайы марапаттар блогының енгізілуі. «Үздік клубтық медиа» аталымында «Ордабасы» футбол клубы жеңімпаз атанды. «Үздік медиажоба» марапаты «Бірінші бол!» Matchday жобасына бұйырса, маусымның «Үздік контент-креаторы» деп Елдар Аманбаев танылды.