UFC-де қандай қарсылас берсе де маған бәрібір, тіпті чемпион болса да - Аян Тұрсын
Қазақстандық файтер Аян Тұрсын Sport Plus Qazaqstan-ға берген сұхбатында MMA-ға қалай келгені, UFC, көшедегі төбелестері, спорттағы басты қарсыластары мен Александра Савичеваның ұсынысы жайында айтып, Жанг пен Сяонянь арасындағы тартысты бәсекеге болжам жасады.
- ММА-ға қалай келдіңіз? Сіз оған дейін тхэквондомен айналыстыңыз, бұл ретте күресте жеңіліп қаламын деп қорықтыңыз ба?
- Спорттан 2 жыл үзіліс алып, MMA-ға келдім. Оның алдында тхэквондомен айналыстым. Біздің ауылдың жігіті Арман Ашимовты білетін шығарсыздар. Соның жекпе-жектерін көріп, одан кейін теледидардан Ронда Роузидің төбелестерін қарап, қызығушылығым оянды. Ол кезде Қазақстанда қыздар арасында MMA өткізілмейтін. Бұрын бокста да қыздар болмаған, кейін қосылды ғой. Сол сияқты ішти түбінде MМA-ға да қыздар келеді деген болжам жасап, әу бастан дайындала бастадым.
- Біздің елде әлі де шығыс менталитеті бар, көбісі қыздардың ММА-мен айналысқанын қаламайды. Адамдар сіздің кәсіби ММА жауынгері екеніңізді білгенде қалай қабылдайды?
- Басында «бұл - қыздардың ісі емес», «саған арналған спорт түрі емес» деп айтатындар өте көп болды. Қазір азайды. Бірақ әлі күнге дейін қой дейтіндер бар. Дегенмен өз мақсатым, арманым бар. Әр адамның сөзіне ере беретін болсам, кім боларымды елестете де алмаймын. Сондықтан арманым бар, сол жолда ешкімнің сөзін тыңдамай еңбек етіп жатырмын.
- Сізде қазір OCTAGON лигасының чемпионы атағы бар, сіз жеңіліс көрмедіңіз, мансап жолында қандай мақсаттар тұр?
- Иә, Аллаға шүкір, OCTAGON чемпионы болдым. Құдай қаласа, OCTAGON белбеуін қорғап, UFC-ге тезірек өткім келеді. Алғашқы қыз болып UFC белбеуін Қазақстанға алып келгім келеді. Бар арман, мақсатым - осы. Сол үшін аянбай еңбектенудемін.
- Кәсіпқойлардан басқа, сіз әуесқойлар арасында көп өнер көрсете бересіз. Біреуі екіншісіне кедергі жасамайды ма?
- Айтарлықтай кедергі келтірмейді. Кейде болып тұрады. Екеуінде бір уақытта жарыстар болып жатады. Ондай кезде көбіне MMA-ны таңдаймын. Уақыт жағынан сондай келеңсіздіктер тумаса, өзім үшін еш қиындығы жоқ. Керісінше тонуста жүруіме септігін тигізеді. Осы күнге дейін кедергі келтірген емес.
- Өмірде жауынгерлік шеберлікті көрсетуге тура келе ме?
- Көшеде қолданбауға тырысамын. Заң жүзінде бізге өмірде төбелесуге болмайды. Алайда анда-санда өмірде төбелесіп тұруға тура келеді. Бірақ ол туралы айтқым келмейді. Себебі далада төбелестім деп, жастарға үлгі болғанды қаламаймын. Негізі, көшеде төбелесіп қалудан аулақ жүргенді таңдаймын. Қазір мәселені көшеде жұдырықпен шешетін заман емес, бәрін ақылмен шешетін заман ғой. Сондықтан көшеде шешкеннен гөрі ақылмен шешкенді жөн көремін.
- Сұхбаттың бірінде сіз балаларды жаттықтырамын деп айттыңыз. Енді сіз өз тәжірибеңізді балаларға беруді жалғастырасыз ба немесе мансабыңызға назар аудардыңыз ба?
- Бұрын балаларды жаттықтыратынмын. Шәкірттерім көп болатын. Қазіргі уақытта күніне 2 рет жаттығуға көңіл бөлемін. Уақыт тығыздығына байланысты балаларды жаттықтыруды қойып кеттім.
- Қазақстандық ММА-дағы қыздардың ең мықты 3 жауынгерін атаңыз?
- MMA-да қыздар көп емес қой. Біріншісі, UFC-дегі Мария Агапова, екіншісі - әйесқойлар арасындағы болашағынан үлкен үміт күттіретін талантты, еңбекқор қыздардың бірі - Адель Маханбетова, үшіншісі - Сора Рахмонова.
- Сіз Алмаханмен және Мақсұммен бір залда жаттығасыз. Олардың қандай мықты қасиеттерін атап өте аласыз, олар UFC-ге ненің арқасында өтті?
- Иә, біз бір залда жаттығамыз. Енді ол (күліп) еңбектің арқасында деп ойлаймын. Бәрі төгілген тердің нәтижесінде келеді ғой.
- Сізді Александра Савичева жұдырықтасуға шақырды. Онымен сегізбұрышты бөлуге дайынсыз ба?
- (Күліп) Ол мені шақырды ма?! Мен тіпті хабарсызбын. Өзіме жазбапты. Ресми ұсыныс тастаған жоқ. Ол туралы білмейді де екенмін… (күліп)
- Сіздің салмағыңызда UFC қос қытайлық әйелдер - Жанг - Сяонянь - арасындағы титулдық жекпе-жек өтеді. Бұл жекпе-жекке сіздің болжамыңыз?
- Иә, қызықты жекпе-жек болады. Міндетті түрде ол жекпе-жекті қараймын. Менің ойымша, Жанг ұтады. Себебі оның тәжірибесі көбірек және қарсыласына қарағанда мықтырақ. Мен қалай болғанда да, Жанг жеңеді деп ойлаймын.
- Салмақ дәрежесінде кіммен бірге өз күшіңізді сынап көргіңіз келеді?
- Иә, UFC-дегі өз салмағымдағы барлық қыздың жекпе-жегін қарауға тырысамын. UFC-де қандай қарсылас берсе де маған бәрібір. Кімді береді, сомен жекпе-жекке шыға беремін. Тіпті чемпионмен болса да…
- Қазір ММА-ға баратын қыздар көп пе? Сіз оларға қандай кеңес бере аласыз?
- Иә, MMA-дан қыздар саны жыл сайын артып келеді. Қазақстанда қыздар арасындағы MMA ақырындап дамып жатыр. Енді мен не айтамын, еңбектеніңдер, тер төгіңдер! Ұрып қана қоймай, қорғануды да үйреніңдер. Қорғанысқа көп көңіл бөліңдер. Көбірек күресіңдер. Бастысы еңбек және денсаулыққа қатты көңіл бөліңдер.