Шота Григалашвили: Жыл соңында сыйақымды жас ойыншылар мен қызметкерлерге таратуды дұрыс деп шештім
Петропавлдық «Қызылжар» клубының бұрынғы футболшысы Шота Григалашвили Sport Plus Qazaqstan сайтына берген сұхбатында маусым соңындағы сыйақы жөнінде айтып, командадан кету себебтері туралы бөлісті.
- Шота 2021 жылғы маусымның ортасында командадан кетуіне не себеп болды?
- 2020 жылы короновирус індетінің кесірінен үйде болған жоқпын, отбасымды көре алмадым. Жаңа маусымның басында командаға келем деген де ойым болған жоқ. 2021 жылы чемпионаттың орта тұсына дейін шыдадым. Кейін отбасымды жие көре алмағандықтан командадан кеттім. Басты себеп осы болды.
- 2019 жылы басқа клубтардың ұсынысына қарамастан командада қалдың. Клубтан кетпеуіңе бас бапкер мен клуб басшысының жеке ұсынысы себеп болды ма?
- Менің басты ойым команданы қайтадан Премьер-лигаға алып шығу болды. Кейін басқа ұсыныстар болса, өзге клубқа ауысам дегенмін. Мансабымда алғаш рет Премьер-лигадан төменгі лигаға шығып қалдым. Өзімді жанкүйерлердің алдында кінәлі сезіндім. Кетіп қалуға арым жібермеді. Сонымен қатар, бас бапкер мен клуб басшысы командада калуыма үлкен септігін тигізді.
- Мансабыңды аяқтағаннан кейін қандай жұмыс атқарып жүрсің? Бапкерлік мансабыңды бастау ойында жоқ па?
- Жеке футбол мектебім бар. Онда 300-ден астам бала жаттығады. Меншігімізде екі шағын және бір үлкен жаттығу алаңы бар. Аталмыш мектепке көп көңіл бөліп жүрмін. Алдағы уақытта қандай жетістіктер болатынын көре жатармыз. Бапкерлікке келсек «В» лицензиясына оқыдым. Шынымда айтсам өзімді бапкер ретінде елестете алмаймын.
- Қазақстандық клубтардың ойындарын қарап жүрсің бе?
- Әрине, ойындарды бос уақытым болған кезде қараймын. Қызылжардың ойынын да теледидардан тамашалаймын.
- Қазақстандық командалардың инфрақұрылымы мен алаңдары жайлы пікірің қандай?
- Жасаңды алаңдар тым көп. Ауа-райының қолайсыздығы табиғи алаңдар төсеуге мүмкіндік бермейтінін түсінемін. Жалпы барлығы төмен деңгейде деген баға бере алмаймын. Инфрақұрылымды жақсарту үшін әлі де біраз күш жұмсау қажет.
- 2021 жылы маусымның соңында командамен қоштасуға келдің. Сол кезде төртінші орынға берліген сыйақыны алмай қызметкерлерге беріп кеткенің рас па?
- Сыйақыны алмағаным рас. Жас ойыншылар мен қызметкерлерге таратуды дұрыс деп шештім.
- Қазақстан чемпионатында қай клуб немесе қай қорғаушыға қарсы ойнау қиынға соғатын?
- Есіме түспей отыр. Алайда «Қайратқа» қарсы сырт алаңда ойнаған ұнайтын. «Астана», «Ордабасы» және «Ақтөбе» командаларына қарсы ойнау қиынға соғатын. Қорғаушылар жайлы ештеңе айта алмаймын.