Елдос Сметов Қобда жұртшылығымен кездесті
Ұлттық мереке Республика күні қарсаңында дзюдодан Париж Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметов және оның бапкері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Ғалымжан Жылгелдиев Ақтөбе облысының Қобда ауылына болды, деп хабарлайды Sport +.
Батырлар мекені атанған Қобдада спортшы жастармен, жасөспірімдермен кездесті. Мұндағы мақсат - жастардың спортқа деген қызығушылығын ояту, оларға жігер беру.
Өз сөзінде Қобда ауданының әкімі әкімі Ізгілік Тынымгереев батырлар мекеніне келіп, қобдалық жастармен жүздесіп, құнды пікірлерін білдірген даңқты спортшы мен оның бапкеріне ризашылығын білдірді.
«Республика күні қарсаңында өтіп жатқан бүгінгі кездесуді тарихи сәт деп есептеймін. Бүгінгі шара біздің жас өрендеріміздің көздеріндегі отты жағып, рухын көтерді деп есептеймін», - деп аудан басшысы Ізгілік Тынымгереев жас қобдалықтарға сенім білдірді.
Кездесуден соң, Елдос Сметов пен Ғалымжан Жылгелдиев көктемгі су тасқыныннан зардап шеккен отбасылардың үйлеріне барды.
«Құтты қонақ келді» деп қарсы алған тұрғындардың қуанышында шек болмады. Спортпен айналысатын отбасы балаларына чемпион сый-сияпатын табыстады.