АЭС-ті қолдап жазба жариялаған Ғұсман Қырғызбаев сынға ұшырады
Дзюдодан Париж Олимпиадасының қола жүлдегері Ғұсман Қырғызбаев АЭС-ті қолдап жазба жариялаймын деп көпшіліктің сынының астында қалды, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.
Дзюдошы көптеген елде АЭС бар екенін және оның сенімді энергия көзі екенін алға тартқан.
«Елді аралап жүріп, энергия мәселесін жиі естимін. Біздің экономикамыз тұрақты болуы үшін сенімді энергия көзі қажет. Егер заманауи шешімдер экологияға зиян келтірмесе, неге оларды қарастырмасқа? Қарап отырсам, көрші елдердің барлығында дерлік АЭС бар. Көрші өзбек бауырларымыз да АЭС-ті қолдап отыр. Түркия тіпті аяқтауға жақын қалыпты. Бұл дегеніміз - энергияның тапшылығының алдын алу. Біз де дұрыс шешім қабылдауымыз керек», - деп жазды Ғұсман.
Спортшының оқырмандары мұның тапсырыс екенін түсінгенімен, Ғұсманға жазбасын өшіріп тастауға кеңес берген.
«Ғұсман, кеше ғана Олимпиада жүлде алып, халықты қуантып едің, бүгін саясаттың ойыншығы болып жатсың. Спортыңмен айналысып жүре берсейші», «Депутат болуға мүмкіндік туып жатыр ма», «Не үшін? Ғұсман, сіз керемет спортшысыз, спортшы болып қала беріңізші», «Мәжбүрлейді, түсінеміз», «Бұлар өйстіп спортшының абыройын құртады», - деп жазды оқырман.