Олимпиадада Тедди Ринермен жанжалдасқан грузин балуаны жазаға тартылды
Париж Олимпиадасында аса ауыр салмақта сынға түскен Грузия дзюдошысы Гурам Тушишвили спорттан алты айға шеттетілді, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.
Белгілі спортшы аса ауыр салмақта Париждегі ойындарда қарсыласына шектен тыс әрекеттер көрсеткені үшін жазаланып отыр. Ол ширек финалда Францияның танымал дзюдошысы Тедди Ринермен белдескен болатын.
Алайда грузин балуаны жеңілген сәтте эмоцияға ерік беріп, қарсыласын жерге жығып тастады. Мұнымен тоқтамаған Тушушвили Ринерге төніп барып сес көрсеткен еді.
Осыдан кейін ол жұбаныш белдесуінен шеттетіліп, Олимпиада жүлдесінен тыс қалды. Ал Ринер финалға дейін жетіп, нәтижесінде жекелей сын бойынша Олимпиада ойындарының үш дүркін жеңімпазы атанды.