Александр Бублик жарақатына байланысты Almaty Open жартылай финалынан шығып қалды

Александр Бублик жарақатына байланысты Almaty Open жартылай финалынан шығып қалды

Қазақстанның ерлер арасындағы жекелей сындағы бірінші ракеткасы Александр Бублик ATP 250 санатындағы Almaty Open турнирінің жартылай финалында ресейлік Даниил Медведевке қарсы кездесуін аяқтай алмады, деп хабарлайды Sport+.

24 қазанда Алматыда өткен матчта қазақстандық теннисші алғашқы сеттен кейін ойынды жалғастырудан бас тартты. Бірінші партия Медведевтің пайдасына 6:3 есебімен аяқталған болатын.

Бубликтың жарысты жалғастыра алмауына бір күн бұрын Карен Хачановқа қарсы ширек финалдық кездесуде алған жарақаты себеп болды.

Жартылай финалдық матч небәрі 21 минутқа созылды. Осы уақыт ішінде Бублик үш эйс жасап, бірде-бір қос қателікке жол берген жоқ. Ал Медведев тоғыз эйс орындап, екі брейк-пойнттың бірін сәтті пайдаланды.

Осылайша, Александр Бублик өз елінде өтіп жатқан турнирдегі өнерін аяқтады. Ал Даниил Медведев Almaty Open финалына шығып, чемпиондық атақ үшін грузиялық теннисші Николоз Басилашвилимен кездеседі.



Күн шежіресі