logo

Бауырым, сөзіңде тұрдың: Тоқаев Сметовтің Олимпиададағы жеңісін жоғары бағалады

Бауырым, сөзіңде тұрдың: Тоқаев Сметовтің Олимпиададағы жеңісін жоғары бағалады

Астанада Париж Олимпиадасының жүлдегерлерін қабылдаған президент Қасым-Жомарт Тоқаев Елдос Сметовтің жеңісіне жоғары баға берді, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.

Кездесуде мемлекет басшысы Парижде дзюдодан 60 келіде үздік шыққан отандасымыздың жетістігін тарихи жетістік деп атап өтті.

«Ол байрақты бәсекенің алғашқы күндері Жақсылық Үшкемпіровтің даңқты жолын жалғады. Ел тарихында тұңғыш рет дзюдодан Олимпиаданың алтын медалін алды. Елдос бауырым, сен Олимпиадаға аттанар алдында маған және барлық спорт жанкүйерлеріне бар күш-жігерімді жеңіске жету үшін жұмсаймын деп уәде бердің. Сөзіңде тұрдың. Нағыз жігітсің! Біз бәріміз сені мақтан тұтамыз. Шын мәнінде, қатарынан үш рет Олимпиада жүлдегері атану – нағыз чемпионның қолынан келетін ерлік. Сенің жеңісті жолың спортшыларымызға жігер берді, барша халқымызды қуанышқа бөледі», – деді Президент.

Бұдан бөлек, президент кездесуде жүлде алған өзге спортшыларға да алғыс айтты. Сондай-ақ, бапкерлер мен атлеттерді дайындауға үлес қосқан азаматтарды атаусыз қалдырмады.

«Нариман Құрбановтың күміс жүлдесін тарихи жетістік деуге болады. Гимнастика шеберлері тұңғыш рет Олимпиада биігін бағындырып отыр. Демеу Жадыраев пен Нұрбек Оралбай тамаша өнер көрсетті. Мергендеріміз Александра Ле мен Ислам Сәтбаев нысана көздеуден қола медаль алды. Бұл – 28 жылдан бері еліміздің осы спорт түрінен алған алғашқы жүлдесі. Балуан Ғұсман Қырғызбаев пен боксшы Назым Қызайбай жүлдегерлер қатарына қосылды. Жалпы барлық мемлекет Олимпиадаға ең мықты спортшыларын жібереді. Шын мәнінде, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шығып, әлемдік бәсекеде жеңіске жету оңай емес», – деді Мемлекет басшысы.