«Барыс» «Ак Барс» командасынан қатарынан жетінші мәрте жеңілді
Қазақстандық «Барыс» командасы бүгін Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын Ресейде «Ак Барс» (Қазан) командасына қарсы өткізді, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.
Кездесу барысында ресейлік хоккейшілер алғашқы минуттан белсенділік танытты. Нәтижесінде олардың тарапынан 9-минутта Дмитрий Яшкин мергендік танытып, өз командасын алға шығарды.
Ал 12-минутта ресейлік хоккейші Кирилл Семёнов басымдықты арттырса, Кирилл Лямкин 43, Егор Коршков 44, Никита Дыняк 56-минутта мергендігімен көзге түсті.
Осылайша «Барыс» қарсыласынан 0:5 есебімен жеңіліп қалды.
Екі команда бұған дейін 53 мәрте кездескен. Оның 11-i елордалық клубтың басымдығымен аяқталса, қалған ойында ресейлік команда жеңіске жеткен.
Кейінгі алты ойында қазақстандық клуб аталған қарсыласына есе жіберген еді. Жетінші матчта да олардың осал тұсын таба алған жоқ.
Енді қазақстандық команда 21 қыркүйекте «Витязь» (Подольск) клубымен ойнайды.
Одан кейін елордада 24 қыркүйекте Ресейдің «Динамо» (Мәскеу), 26 қыркүйекте «Сочи», 28 қыркүйекте «Витязь» (Подольск), 30 қыркүйекте «Торпедо» (Нижний Новгород) командаларымен кездеседі.