logo

Ақжүрек Таңатаров: Бәрін жиып қойып, Олимпиадаға баратын үш балуанды дайындау керек

Ақжүрек Таңатаров: Бәрін жиып қойып, Олимпиадаға баратын үш балуанды дайындау керек

Еркін күрестен Қазақстан командасы Париж Олимпиадасына үш жолдама жеңіп алды. Стамбулда өткен соңғы әлемдік турнирде қалған үш салмақта лицензия алу мүмкін болған жоқ. Осыған орай, Sport Plus Qazaqstan тілшісі Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері, әлем чемпионатының күміс жүлдегері Ақжүрек Таңатаровтың пікірін білген болатын.

- Ақжүрек мырза, Стамбулдағы әлемдік іріктеу турниріндегі қазақ балуандарына қандай баға бересіз? Жолдама алу үшін біздің спортшыларға не жетпей қалды?

- Бұл іріктеу турнирі ешкімге де оңай болған жоқ. Соңғы жарыс болғандықтан, әлемнің біршама мемлекетінен келген балуандар барын салды. Біздің спортшылардың да лицензия алатын мүмкіндігі болды. Әсіресе, Рахат Қалжан жолдамаға бір қадам қалғанда жеңіліп отыр. Қаншама азулы қарсыластарын оңай жеңіп келді де, америкалық спортшыға келгенде тісі батпады. Меніңше, Рахаттың жеңілісіне психологиялық қысым себеп болған сияқты. Қанша дегенмен, ең соңғы турнир, ең соңғы мүмкіндік екені адамның миында тұрады. Мұндай кезде спортшылармен сауатты психологтардың жұмыс істегені дұрыс. Балуандарымыз, оның ішінде, Рахат Қалжан жауапкершілік жүгінен «жанып кетті» деп ойлаймын.

65 келідегі Адлан Асқаровтың да жолы болмады. Көпшілік бұл салмақта Майс Әлиев баруы керек еді деп айтуда. Майстың күресі маған да ұнады. Жақсы балуан өсіп келе жатыр екен. Негізі, Бішкекте және Стамбулда өткен іріктеу турнирлерінде күрескен балуандарымыздың деңгейі бірдей. Ешкімді бөліп-жармаймын. Сол себепті, бапкерлер дұрыс таңдау жасады деген ойдамын.

Жігіттердің қасында болғаным жоқ. Әлі жақсылап сөйлесіп, талқылаудың да реті келмей жатыр. Міндетті түрде Стамбул кілеміндегі мәселелерді балуандардан сұрастырамын.

- 74 келідегі Нұрқожа Қайпановқа қатысты не айтасыз? Еліміздегі талантты балуан қазір өзін жоғалтып алған сияқты...

- Нұрқожа еліміздегі ең талантты балуандардың бірі. 70 келі салмақта Азияны екі рет бағындырып, әлем чемпионатының финалына шықты. Меніңше, қазір Қайпанов тоқырауда жүр. Спортта мұндай нәрсе болады. Орысша «спад» деп айтып жүрміз. Нұрқожа неге тоқырауға кетті? Бұған да психологиялық қысым себеп. Ол олимпиадалық салмаққа ауысқан кезде 74 келіде Данияр Қайсанов, Нұрлан Бекжанов сынды мықты спортшылар күресіп жүрді. Қайпанов өзінің мықты екенін, нөмірі бірінші балуан болатынын ел ішінде дәлелдеуі керек болды. Одан кейін бұл салмаққа бейімделу де аз уақытта бола қоятын нәрсе емес. Осының бәрі Нұрқожаның психологиялық күйіне әсер еткен сияқты. Әлемдік жарыстарда да бұл салмақтың мықтылары өте көп. Ең беделді салмақ. Оңай емес.

- Үш балуанымыз елде қалды, үш балуанымыз Олимпиадада күреседі. Енді Парижге дейін қалай дайындалу керек деп ойлайсыз?

- Қазір мен барлық мәселені жиып қойып, тек қана Парижге баратын үш балуанымызбен жұмыс істеу керек деп ойлаймын. Олимпиадаға дейін басқа жігіттерді демалысқа жіберу қажет. Бәрі ауылына барып, таза ауада тынығып, күш жинап, қымыз-шұбат ішіп қайтсын. Ал осы аралықта Олимпиадада бақ сынайтын Азамат Дәулетбеков, Әлішер Ерғали және Юсуп Батырмұраевпен ғана айналысуы тиіс бапкерлер. 20 бапкер болса, жиырмасы да бар ынтасын осы жігітке бағыттаса, дұрыс болар еді. Өйткені, Олимпиада – өте қиын жарыс. Оның атмосферасының өзі не тұрады?! Бұл додаға өте жинақы, моральдық, физикалық және психологиялық тұрғыда дайын бару қажет. Спортшы үшін де, бапкер үшін де ең маңызды жарыс – Олимпиада. Сол үшін бар ынта-жігерімізді осыған аударсақ деген тілек бар. Үш жігіттің де әлеуеті жақсы. Үшеуі де медальға таласа алады. Азамат екі әлем чемпионатынан жүлде алып, тұрақты күрес көрсетіп жүрген жігіт. Әлішер мен Юсуп үшін Токио Олимпиадасының есесін қайтару маңызды. Екеуі де Олимпиаданың қандай болатынын көрді. Сондықтан, олар осы жолғы тартысқа тас-түйін дайын деп ойлаймын. Олимпиадада балуандар да аз, әрбір кездесу ерекше маңызға ие. Осы бір ғаламдық жарыста жігіттерімізге сәттілік тілеймін.

- Айтпақшы, Азамат Дәулетбековтің басты қарсыластарының бірі – Дэвид Тейлор Париж ойындарынан сырт қалды...

- Естідім. Спортшының екіұдай сезімде жүруі әсер етті деп ойлаймын. Үнемі бірінші нөмір атанып, сол атақты қорғап жүру оңай емес. Олимпиада қарсаңында жарысқа бару, бармауың белгісіз болса, бұл жүйкеге күш түсіреді.

- Олимпиада туралы сөз болған соң, Лондондағы жартылай финалды еске алғым кеп тұр. Сіз сол белдесуді үнемі ойлап жүретініңізді айтқан едіңіз. Арада он жылдан аса уақыт  өтті. Әлгі оқиға аз да болса ұмтылды ма?

- Бұл өмір бойы ұмытылмайтын нәрсе ғой... Көлікте келе жатсаң да, күйбең тірлікке еніп кетсең де, жылт етіп шыға келеді. Кейде балаларым сұрап еске түсіреді. Кейде көпшілік қауым айтып жатады. Жартылай финалдағы сол оқиғаға өмір бойына есте қалды.

- Әңгімеңізге рахмет!