Жамиля Бақбергенова: Менің арманым – Олимпиада чемпионы болу
Қазақстандық балуан Жамиля Бақбергенова Sport Plus Qazaqstan арнасында қонақта болып, соңғы өткен жекпе-жек және әйелдер күресі туралы айтып берді.
– Өткен жекпе-жекте қытайлық спортшыдан ұтылып қалған едіңіз. Бір өкініш қалды ма?
– Париж олимпиадасынан лицензия алмағаныма өкінемін, бірақ өкінішпен ештеңе өзгермейді, қателік өзімнен кетті. Алда тағы бір іріктеу кезеңі бар, соны күтеміз.
– Олимпиадаға іріктеу кезеңіне дейін 72 келіде күресіп жүрдіңіз. Бұл мақсатты түрде ме, әлде бірте-бірте 76 келіге ауысуға ой болды ма?
– Мақсатты түрде емес, маған сол салмақта күресу ыңғайлы болды. Салмақ қосуға шамам жетпеді, организмім сол салмаққа үйреніп қалған. Әлем чемпионы боламыз деп жұмыс істеген болатынбыз, бірақ өкінішке орай ауырып қалдым.
– Шешуші сәтте қателік жіберген адам өзімен өрттенеді ме?
– Негізі мен лицензия аламын деген сенімде болғанмын. Сол сәт маған және бапкеріме өте ауыр тиді. Ол маған барлық жағдайын жасап берді. Қателік тек меннен болды.
– Әкеңіз сізді және сыңарыңызды спортқа бағыттаған кезде осындай жетістіктерге жетемін деген ой болды ма?
– Әкеміз негізі бізді дзюдоға бергісі келген, бірақ ол біздің солай күресіп кететінімізді ойлаған жоқ. Өте жақсы қолдау көрсетілді, бізді жарыстар мен жаттығу жиындарына жіберетін.
– Әйелдер күресінен Қазақстанда лицензия жоқ. Біздің қыздарда әлі мүмкіндік бар ма?
– Барлығы өздеріне байланысты ғой. Эльмира мен тағы бір-екі қыз алады деп үміттенемін. Біздің қыздарымыздың лицензиясыз қалуын елестетуге болмайды.
– Алдағы Олимпиадаларға қатысуға сізде қаншалықты жігер бар?
– Өзіме күресу ұнайды, бірақ үйдегілермен және бапкеріммен ақылдасып, ары қарай шешім қабылдаймын. Өзімде Олимпиадаға барамын-ау деген ой бар. Жай ғана бару емес, онда бірінші орын алу – менің арманым.