Шетелдік спортшылар Алматыдағы дәмханалардың бірінде төбелесіп қалды
Ирандық аралас жекпе-жек шебері Мохаммад Хейбати Алматыға келіп, қаладағы дәмханалардың бірінде бразилиялық Диего Брандаомен төбелесті, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.
Мохаммад Хейбати бразилиялық файтермен төбелесінің видеосын Instagram желісіндегі парақшасына жариялады.
Ирандық спортшы Брандаоның үстел үстінде тұрған белбеуін алып кетпек болған. Кейін екеуі төбелесіп қалды. Оларды сол маңдағы адамдар ажыратып алған.
«Бұл белбеуді мен жеңіп алғанмын. Олар мұны менен уақытша алып, оған берді. Бірақ бүгін өзіме тиесілі нәрсені алдым. Брандаоның қалай жылағанын қараңдаршы.
Жылама, ертең жекпе-жек кезінде мен оны тағы да сенен артып аламын. Cол кезде тағы да жылауға себеп болады», - деп жазды Хейбати.
13 шілдеде бразилиялық Диего Брандао қазақстандық файтер Мұратбек Қасымбаймен Алматыда Hardcore HFC MMA турнирінде жекпе-жекке шығады.
Брандао MMA-дағы мансабында 50 кездесу өткізген. Оның активінде 29 жеңіс пен 21 жеңіліс бар. Ал Мұратбектің рекорды 12-4.