logo

Роман Асранкулов: Бізге финалда кіммен ойнайтынымыз маңызды емес

Роман Асранкулов: Бізге финалда кіммен ойнайтынымыз маңызды емес

Қостанайлық клуб капитаны Роман Асранқулов KFF League сайтына берген сұхбатында «Ордабасыға» қарсы өтетін Кубок финалын неге жіберіп алатынын түсіндіріп, командадағы әріптестерінің жанкүйерлерді қуанту үшін барын салатынына уәде берді, деп хабарлайды Sport+.

— Роман, финал алдындағы көңіл-күйіңіз қандай?

— Иә, толқу бар. Бірақ ол сезімдер маған сәл түсініксіз. Себебі жарақатыма байланысты бұл матчта командаммен бірге алаңға шыға алмаймын. Дегенмен, бар күшіммен қолдау білдіремін, команданың әр сәтіне уайымдаймын. Бұл ерекше сезім, өйткені қала мен клуб көптен бері жеңіске, трофейге зәру. Мұндай сәттерді қайта сезінгіміз келеді.

— Финалдық матч 2025 жылғы финалға дейін бірде-бір ресми ойын өтпеген жаңа стадионда өтеді. Бұл сіз және команда үшін қаншалықты маңызды?

— Шынын айтсам, қай қалада немесе қай стадионда ойнайтынымыз аса маңызды емес. Қайда болмасын, біз тек жеңіске ұмтыламыз. Бірақ жаңа аренаны алғашқылардың бірі болып сынау — бұл, әрине, жақсы мүмкіндік. Өте әдемі стадион. «Тобол» үшін бұл стадион сәттілік әкеледі деп үміттенемін.

— Сіз Қазақстан чемпионы атандыңыз, ел Кубогы мен Суперкубогын жеңіп алдыңыз. Осы трофейлердің қайсысы сіздің кәсіби мансабыңызда ең маңызды және есте қаларлық болды?

— Мен үшін ең маңыздысы — чемпиондық. Ол кезде мен өте жас болдым, бірақ сол эмоцияларды сезіну бақытына ие болдым. Сондықтан, чемпиондық — мансабымдағы ең есте қаларлық сәт. Дегенмен Түркияда жеңіп алған Суперкубок та ерекше есте қалды.

— Бұл титулдардың барлығын сіз бір ғана команда — «Тобол» сапында жеңіп алдыңыз. Ешқашан өзіңізді басқа қазақстандық клубтың жейдесінде елестетіп көрдіңіз бе? Шетел чемпионатында ойнауды армандайсыз ба?

— Барлық титулдарды дәл «Тоболмен» бірге жеңіп алғаныма қуаныштымын, өйткені бұл менің туған, сүйікті командам. Әрине, кейде басқа клубқа ауысу туралы ойлар болды, бірақ қазір мен Қостанайдамын және бар назарым — «Тоболда». Әрине, шетелде ойнағым келеді. Болашақта шетел чемпионатында өзімді сынауға мүмкіндік болады деп сенемін.

— Қостанайда «Ордабасыға» қарсы финал жақындап келе жатқаны сезіле ме? Жанкүйерлер көшеде сізге не дейді?

— Иә, сезіледі. Әсіресе, «Ордабасыға» қарсы ойын — «Тобол» үшін дәстүрлі әрі принципті қарсыластыққа айналды. Қала тұрғындары трофейді тағатсыздана күтіп отыр, жанкүйерлер үлкен жеңістерге зәру. Біз Қызылордадан трофеймен ораламыз деп үміттенемін әрі сенемін.

— Егер таңдау өз қолыңызда болса, финалда қай клубқа қарсы ойнағыңыз келер еді?

— Шынымды айтсам, финалда кіммен ойнайтыным маңызды емес. Ең бастысы — финалда «Тобол» ойнайды!