logo

«Қазақстан барысы» атауы қате таңдалған, оны «Көкбөрі» деп өзгерту қажет – қоғамдық ұйым

«Қазақстан барысы» атауы қате таңдалған, оны «Көкбөрі» деп өзгерту қажет – қоғамдық ұйым

«Ұлы Қазақ» бірлестігінің өкілдері «Қазақстан барысы» турнирінің атауы дұрыс таңдалмағанын хабарлады, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.

Аталған бірлестік осыдан бірер күн бұрын Алматыда өз жиынын өткізіп, онда «Қазақстан барысы» атауы қате таңдалған деген шешімге келген және оны «Көкбөрі» деп алмастыру қажет екенін айтып отыр. Енді олар осы ұсынысын құзырлы мемлекеттік органдарға жолдамақ.

Ал, бірлестік президентінің кеңесшісі Айдын Рысбекұлы неліктен мұндай шешімге келгенін түсіндірді.

«Себебі біріншіден, барыс сөзін алудың өзі қате. Барыс 2011 жылғы қысқы Азия ойындарының символы. Көп адам Қазақстанның символы барыс дейді. Бірақ Қазақстанның үш символы бар. Ол Мемлекеттік Ту, Мемлекеттік Елтаңба және Әнұран. Ал барыс – 2011 жылғы қысқы Азия ойындарының символы. Барыс деген сөз ұғымы да қате. Себебі барыс тұқымдастарының алты-жеті түрі бар. Жолбарыс, қабылан, тарғын, долы, ілбіс. Ілбіп жүретіндіктен солай айтады. Ұрғашысын ішім деп айтады. Сондықтан, ол сөз ұғымы ретінде ол қате таңдалған», - дейді ол.

Айдын Рысбекұлы таңбалы тастарда көкбөрі бар, бұқа бар, бұғы, ортеке бар, бірақ барыс жоқ дейді. Сөзінше, барыс деген жасанды термин. Сингапурды Азияның жолбарысы дейтініндей, еліктеу, солықтаудан шыққан ұғым әрі үстірт таңдалған дейді ол.

Айдын Рысбекұлы «Қазақстан барысы» емес, сайысты «Көкбөрі» деп алу керек дейді. 

«Мұны Қазақстан деп шектеудің де қажеті жоқ. Көкбөрі десек, түркі тілдес халықтар кіреді. Сонда мұның деңгейі көтеріліп кетеді. «Астана Арланс» деген бар. Ол енді менеджмент бойынша таңдалған. Бізге еліктеудің керегі жоқ. Тарихта таңбаланған көкбөрі деген атау бар. Соны сол қалпында бұзбай, неге қолданбасқа?» - дейді Айдын Рысбекұлы



Күн шежіресі