Қазақстан чемпионатында балуандар 60 миллион ұтып алуы мүмкін
Қазақстан күресі тарихында алғаш рет ел чемпионатына жүлде қоры тағайындалды, деп хабарлайды Sport+.
17 жасқа дейінгі және 20 жасқа дейінгі спортшылар арасында өтетін грек-рим, еркін және әйелдер күресі бойынша Қазақстан чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлері ақшалай сыйақы алады.
Біріншілік 21 ақпан мен 2 наурыз аралығында Астанада өтеді. U17 жас санатында чемпионға 300 000 теңге, күміс жүлдегерге 200 000 теңге, ал екі қола жүлдегердің әрқайсысына 100 000 теңгеден табысталады. U20 санатында сыйақы көлемі жоғары: жеңімпаз 500 000 теңге, күміс жүлдегер 300 000 теңге, ал екі қола жүлдегердің әрқайсысы 150 000 теңгеден алады.
Жүлде қорын енгізу туралы шешім жас спортшыларды қолдауға және олардың кәсіби өсуін ынталандыруға бағытталған. Ақшалай сыйақылар дайындық деңгейін арттыруға қосымша мотивация беріп, ел ішіндегі бәсекелестікті күшейтеді.
Айта кетейік, күрес түрлері бойынша Қазақстан чемпионаты 21 ақпанда басталады. Іріктеу белдесулері күн сайын сағат 10:30–да, ал финалдық кездесулер 18:00–де өтеді. Жарыс жеңіл атлетикаға арналған «Qazaqstan» спорт кешенінде ұйымдастырылады.