logo

Софья Самоделкина: Қолдауларыңызға рақмет. Олимпиадада қолымнан келгеннің бәрін жасадым

Софья Самоделкина: Қолдауларыңызға рақмет. Олимпиадада қолымнан келгеннің бәрін жасадым

Қазақстан құрамасының мәнерлеп сырғанаушысы Софья Самоделкина Италияда өтіп жатқан 2026 жылғы Олимпиада ойындарындағы өнеріне баға берді, деп хабарлайды Sport+ Olympic.kz сайтына сілтеме жасап.

Отандасымыз осы жарыста бар күшін салғанын айтты.

«Қазіргі деңгейіме сай өнер көрсеттім. Дайындаған бағдарламамды толық орындадым. Сондықтан өте бақыттымын.

Жанкүйерлердің қолдауы өте керемет. Әр жарыста соған қайта-қайта таңғаламын. Әлеуметтік желілерде Қазақстаннан арнайы ұшып келіп, қолына ту ұстап, мені қолдаған адамдардың бейнежазбаларын көріп жүрмін. Тіпті, тәтем мен немере ағам мені қолдау үшін Германиядан арнайы келді.

Әрине, мұндай қолдау үлкен күш береді. Саған қол соғып, сол энергияны сезінгенде өзіңді еркін ұстайсың. Сондықтан баршаңызға алғысымды білдіріп, көп рақмет айтқым келеді.

Олимпиадада өнер көрсетуді бір ауыз сөзбен айтып жеткізу қиын. Әсіресе еркін бағдарламадан кейін көңілің толқып, жүрегің алып-ұшып тұрады. Осында жүргеннің өзі — зор бақыт, ал бәрі ойдағыдай болғанда қуанышың тіпті еселене түседі. Менің арманым орындалды деп айта аламын. Барша адамға армандап, сол арманына сенуді тілеймін. Сол кезде ол міндетті түрде орындалады.

Маған қысым болды деп айта алмаймын. Бұл Олимпиадаға өте жақсы дайындалдым. «Бірдеңе дұрыс шықпай қалса ше?» — деген ой мүлде болған жоқ. Жаттығуда өз жұмысымды толық атқардым. Онда неге мұнда күмәндануым керек?

Мен жарысқа нық сеніммен шықтым. Қысым емес, тек толқу болды. Өйткені сен мұзға шығып: «Уау, мен Олимпиададамын» деп айтасың. Бұл — қорқыныш емес, эмоцияның әсері.

Алда әлі мені 2026 жылғы әлем чемпионатында көресіздер.

Миша екеуіміз Қазақстанда мәнерлеп сырғанауды дамытып жатқанымызға өте қуаныштымын. Бұл — өте жақсы іс. Миша нені қаласа, мен де соны қалаймын. Бізді қолдайтын және енді ғана осы спортқа келген барлық балаға айтарым — армандаңыздар, тілектеріңізге сеніңіздер және өз жолдарыңызбен жүріңіздер. Артқа қарамаңыздар, жолдан тайдырғысы келетін артық сөз бен қажетсіз адамдарға құлақ аспаңыздар. Өз жүрегіңізге сеніңіздер», — деді Самоделкина.

Еске салайық, Самоделкина 2026 жылғы Олимпиадада жеке рекордын жаңартып, жалпы есепте 10-орын иеленді.



Күн шежіресі