logo

Будвадан репортаж: Қазақстанның тарихи нәтижесі тіркелген әлем чемпионаты

Будвадан репортаж: Қазақстанның тарихи нәтижесі тіркелген әлем чемпионаты

Будвадағы бокстан жастар арасындағы әлем чемпионатының соңғы күні. Қазақстан үшін тарихи нәтиже тіркелуі мүмкін маңызды кеш. Дүниежүзілік доданың аренасы қызып тұр. Көпшілікке қос көшбасшының қайсы алға шығатыны қызық. Қазақстан әлде Өзбекстан ба? 

Сахна сыртында 17-18 жасар бозбала мен бойжеткендер өз өміріндегі маңызды жекпе жекке дайындық жүргізуде. Өздері сондай жас, бірақ армандары асқақ, жеңіске деген құштарлығы жастық шақтың қызығын ұмыттырған. Шаршы алаңда бір біріне қандай қарсылас болса да, одан тыс жерде спортшылардың құрметі жоғары. Осы сапарда түйгенім: еліміздің жас былғары қолғап шеберлері ауыр спорт түрі болып саналатын бокста мінез танытып жеңіп жатса да, өмірде өте кішіпейіл, ізетті. Үйдегі және командадағы тәрбиені сіңірген қазақи ұл-қыздар. 

Будвадан репортаж: Қазақстанның тарихи нәтижесі тіркелген әлем чемпионаты 
Төрехан Сабырхан кубалық қарсыласымен бетпе бет келтіру шарасында

Әлем чемпионатының ақтық сыны екі күнге бөлінді. Алғашқы күні Аружан Зейноллаева, Төрехан Сабырхан және Санжарәлі Бегалиев жеңіске жетті. Санжарәлінің жеңісті тойлау әдісі ерекше. Әр жекпе жектен кейін арнайы іс-қимыл жасайды. Мысалы, шаршы алаңда садақпен нысанаға дәл тигізгендей көрсетсе, марапаттау рәсімінде маңдай терін сүрткенін жеткізді. Иә, чемпионға бәрі жарасады. Жеңімпаз не жүлдегер атанған спортшылар болсын, сұхбат бергенде барлығы бірінші кезекте отбасының қолдауын, бапкерінің сенімін және туған ауылын айтады. Өйткені, біздің чемпиондардың барлығы ауылдың балалары. Осы чемпионаттың үздік боксшысы атанған Төрехан Сабырхан туған ағасы, ересектер арасындағы әлем чемпионы Махмұд Сабырханмен мектептегі тарих кабинетінен бокс залын жасап жаттыққан. Түркістан облысының тумасы бізге берген сұхбатында ағасы екеуі өз ауылында бокс залын салуды армандайтынын айтты. Қазір кішігірім залдарда көптеген бала бокстасып жүр екен.

Будвадан репортаж: Қазақстанның тарихи нәтижесі тіркелген әлем чемпионаты
Аға бапкер Жангелді Ахметов шәкірттерінің жүлделерімен

Екінші күні тағы төрт финалисіміз жұдырықтасты. Ұлдана Таубай ғана есе жіберді, ал Елянур Турганова, Бексұлтан Боранбек және Өнер Сейілхан алтыннан алқа тағып, Қазақстан үшін бұрын-соңды болмаған нәтиже тіркелді. Жас боксшылардың жетістігінің тағы бір себебі — командадағы тәртіп. Аға бапкерлер керек жерде қаталдық танытып, басқа кезде мейірімін де аямайды. «Жаттығу жиыны және жарыс кезінде қыздардың телефондарын жинап аламыз. Күніне бір уақыт отбасымен сөйлеседі. Қалған уақытта телефонға осындай шектеу қоямыз. Өйткені, қазіргі заманда телефон уақыт пен энергияны ұрлайды. Ал, спортшыларымыз жақсы өнер көрсету үшін уақытылы ұйықтап, серуендеп, негатив ойға берілмей жүруі тиіс. Бұл қыздарды өте кішкентай кезінен жаттықтырып келеміз, сол үшін ешкім қарсылық танытпайды, бұл ереже бірінші кезекте өздеріне пайдалы екенін түсінеді», дейді аға бапкер Жангелді Ахметов.  

Будвадан репортаж: Қазақстанның тарихи нәтижесі тіркелген әлем чемпионаты

Қазақстан жастар құрамасы 6 алтын, 1 күміс және 10 қола медальмен командалық есепте бірінші орын алды. Бұл - отандық бокстағы тарихи көрсеткіш. Алайда, бірінші кезекте бұл жанкүйерлердің Қазақстан боксына және осы спорт түрінің жарқын болашағына деген сенім отын жаққан нәтиже болды.