Сурдлимпиада 2025: грек-рим күресінен Қазақстан құрамасы 3 медаль жеңіп алды
XXV жазғы Сурдлимпиада ойындарындағы грек-рим күресі бойынша жарыстар өз мәресіне жетті. Қазақстандық палуандар алтын, күміс және қола медаль еншіледі, деп хабарлайды Sport+.
67 келі салмақта Андрей Самарин алғашқы белдесуінде қырғыз палуаны Дінмұхамед Бигелдиевті 5:2, 1/4 финалда болгариялық Дилиан Димитровты 8:0 және жартылай финалда армениялық Жора Грегориянды 8:0 есебімен жеңді. Финалдық белдесуде ирандық балуан Мехди Бакшыны 11:1 есебімен ұтып, Сурдлимпиада ойындарының чемпионы атанды.
130 келі салмақта отандасымыз Хайратхаан Шонку алғашқы белдесуінде украиналық палуан Сергей Драханды 11:2, ширек финалда грек спортшысы Александр Парадотосты 5:2, жартылай финалда жапондық палуан Кен Согабені 3:2 есебімен жеңді. Финалдық белдесуде бейтарап елдің спортшысы Алексей Шемаровқа жол беріп, күміс медальға ие болды.
97 келі салмақта Рамазан Әбдрасіл алғашқы белдесуінде АҚШ балуаны Энрике Рамиресті 8:0, ширек финалда болгариялық Атанас Ивановты 5:0 есебімен айқын жеңсе, 1/2 финалда украиналық Андрей Косовқа 8:12 есебімен есе жіберді. Рамазан жұбаныш белдесуінде армениялық Арарат Саргсянды 13:5 есебімен ұтып, Сурдлимпиада ойындарының қола медалін жеңіп алды.
Жарыста Ердәулет Жолдыхан 60 келі салмақта жұбаныш белдесуінде қарсыласына жол беріп, 5-орынға тұрақтады. Ал Абзал Досжанов (77 келі) пен Рамазан Әзі (87 келі) ширек финалда қарсыластарына есе жіберіп, жарыс жолын аяқтады.
Айта кетсек, қазіргі таңда Қазақстан құрамасының қоржынында 16 медаль бар: 7 алтын, 3 күміс және 6 қола. Алдағы уақытта ұлттық құрама еркін күрес, таеквондо, үстел теннисі, жүзу және жеңіл атлетика бойынша сынға түседі. Жарыстар 26 қарашаға дейін жалғасады.