Геннадий Головкин Қазақстанның Италиядағы елшісі Ерболат Сембаевпен кездесті
Қазақстанның Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті, World Boxing Олимпиадалық комиссиясының төрағасы Геннадий Головкин Италия Республикасы, Мальта Республикасы және Сан-Марино Республикасындағы Қазақстанның Төтенше және Өкілетті Елшісі Ерболат Сембаевпен жұмыс кездесуін өткізді, деп хабарлайды Sport+ Olympic.kz сайтына сілтеме жасап.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан құрамасының Милан–Кортина-2026 қысқы Олимпиада ойындарына қатысу мәселелерін талқылады.
Ерболат Сембаев 2026 жылғы Олимпиада ойындары кезінде Қазақстан делегациясына қажетті қолдау көрсетуге дайын екенін айтты.
Айта кетейік, Милан-Кортина-2026 қысқы Олимпиадасы 2026 жылдың 6-22 ақпаны аралығында Италияның бірнеше өңіріндегі спорт нысандарында өтеді. Жарыс бағдарламасына 16 спорт түрі енгізіліп, 100-ден астам медаль жиынтығы сарапқа салынады.
Геннадий Головкин елшінің көрсеткен қолдауы мен ерекше ілтипатына ризашылығын білдірді.
Кездесу соңында Ерболат Сембаев алдағы World Boxing президентін сайлауда Геннадий Головкиннің кандидатурасын қолдайтынын айтып, Қазақстанның халықаралық спорттық ынтымақтастықты дамытуға қосып жатқан үлесінің маңыздылығын атап өтті.