logo

Астаналықтар әлем чемпионатының күміс жүлдегері Даниял Райымбековты әуежайдан күтіп алды

Астаналықтар әлем чемпионатының күміс жүлдегері Даниял Райымбековты әуежайдан күтіп алды

Бүгін астаналықтар бокстан АҚШ-тың Колорадо штатында алғаш рет өткен 19 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы әлем чемпионатының жүлдегерін әуежайдан салтанатты түрде күтіп алды, деп хабарлайды Sport +.

2023 жылы жаңадан құрылған World Boxing ұйымы биыл АҚШ елінде 19 жасқа дейінгі спортшылар арасында әлем чемпионатын ұйымдастырып, әлемнің 30 елінен 178 боксшының басын қосты.

Қазақстанның атынан 4 боксшы сынға түсіп, 2 күміс жүлде жеңіп алды. Оның арасында 85 келіде жұдырықтасқан елордалық Даниял Райымбеков бар. Ол финалдық жекпе-жекте Уэльс өкілі Дэниэл Питтен есе жіберді.

«Бұл менің халықаралық деңгейдегі екінші жарысым. Бұған дейін Сербия еліне барған едім. Бұл чемпионатқа іріктеу оқу-жаттығу жиынында жүргізіліп, нәтижесінде АҚШ-қа бару бақыты бұйырды. Эмоциямды айтып жеткізе алмаймын.  Психологиялық және спорттық тәжірибе жағынан үлкен сабақ болды. Енді қателіктермен жұмыс істеп, Ақтау қаласында өтетін ел чемпионатына дайындығымды пысықтаймын», - деді Даниял Райымбеков.