Бағлан жекпе-жекте ұтылып жатса, бұрышта тығылып жылап аламын: Қорлан Жақанша
ҚР Еңбек сіңірген спорт шебері Қорлан Жақанша Naiza турнирінде бақ сынап жүрген егізі Бағлан Жақанша жайлы әңгімеледі, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.
«Бағлан бауырым күресіп жүрген кезде мен оның жекпе-жектерін қарай алмайтынмын. Ұтылып жатқан кездерде, бұрышта тығылып жылап алатынмын. ММА-да одан да ауыр екен. Бауырымды төбелеп жатқан кезде рингке секіріп, бірге жабылып ұрғым келіп кетеді. Рахман Шахарбектің де туған бауыры күреседі. Ол менің жағдайымды жақсы түсінеді. Ол сезімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес.
Негізі, ҚР еңбек сіңірген спорт шебері атағына Бағлан лайық. Оның тек бағы жанбай қалды. Әкеміз еркін күрестен бапкер болып жұмыс істеген. 2005-2006 жылдары 5, 6-сыныпта оқимыз. Сабағымыз таңғы сағат 8-де болса, Бағлан мені таңғы сағат 6:00-де жүгіруге оятатын. «Бір жүгіріп келейік, артынша жаттығу жасап, сабаққа барамыз», дейтін. Мен «қазір, қазір» деп жата беретінмін. Ол ерінбей, тауға барып жүгіріп, мектеп артында тренермен жаттығып, сағат 8:00-де сабаққа баратын. Бағлан – өте еңбекқор», - деді Қ.Жақанша.
Сонымен қатар спорт саңлағы еліміздегі грек-рим күресінің дамуы деңгейін атап өтті.
«Әуелі, медицинамызды дамытайық. Балалармен жұмыс істейтін психолог, диетологтар керек. Бүкіл нәрсе бізге жетіспейді. Қазақстандағы грек-рим күресі дамып жатқан жоқ, бір орында тұрып қалды», - деп қосты Қорлан Жақанша.