Алматы қалалық күрес федерациясына жаңа президент сайланды
Алматы қаласы грек-рим, еркін және әйелдер күресі Федерациясының кезекті жиыны өтті, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.
Басшылар, жаттықтырушылар және спортшылар қатысқан конференцияда маңызды мәселелер талқыланды. Оның ішінде соңғы үш жылдағы Федерация жұмысы қорытындыланып, Париждегі Олимпиада ойындарына дайындық сөз болды.
Отырыс барысындағы маңызды өзгерістердің бірі – Федерация басшылығының ауысуы. Қазіргі басшы Айдар Беркімбаев қоныс ауыстыруына байланысты қызметінен кетіп, танымал кәсіпкер әрі меценат Омар Әлиевтің кандидатурасын ұсынды. Оның кандидатурасы қатысушылар тарапынан толығымен қолдау тапты.
Жиында сөз алған Омар Әлиев қаладағы күрес саласын дамытуға, спорттағы балалар мен жастардың үлесін арттыруға ерекше күш салатынын, өзіне сенім білдіргендерге алғысын айтты. Жаңа басшының өзі де бұрын күреспен айналысып, қазіргі таңда балуандарға жиі көмек беріп келген екен.