logo

Жерар Гоу: «Ақтөбеден» жалақымды көтермегендіктен кетіп қалдым

Жерар Гоу: «Ақтөбеден» жалақымды көтермегендіктен кетіп қалдым

Қазақстан чемпионатында қатарынан екі мәрте үздік сұрмерген болған шабуылшы Жерар Гоу Sport Plus Qazaqstan сайтына берген сұхбатында «Ақтөбе» клубы сапынан не себепті кеткені, Қытай чемпионаты несімен қызықтырғаны және алдағы жоспарлары туралы айтты.

— Сіз бірнеше жыл Қазақстанда өнер көрсеттіңіз. Сол сәттерді қазір күліп, еске аласыз ба?

— Иә, Қазақстанда күліп еске алатын жағдайлар өте көп. Соның бірі бұрынғы командаласым Қуатпен болған оқиға. Ол бір күні менің отыратын орныма өрмекшіні қойып қойған болатын.

— БАҚ беттерінде сізді Ұлттық құрама сапында көруіміз мүмкін деген ақпаратты жиі көретінбіз. Қазақстан футбол федерациясынан нақты ұсыныс болды ма?

— Мен бұл жайлы бірнеше рет естіген болатынмын. Алайда, Қазақстан футбол федерациясынан ешкім хабарласқан жоқ.

— »Ақтөбе» сапынан не себепті кеттіңіз? Сізді командадан алып тастау үшін арнайы аз сома ұсынылды ма?

— Мен «Ақтөбе» командасының алғашқы ұсынған келісімшартын қаражатына қарамай келістім, себебі олар маған сенген жоқ. Командаға қосылған кезде менің артық салмағым болды. Мен сол баяғы Жерар Гоу екенінмді дәлелдегім келді. Алаңға аз уақытқа шығып, нәтиже көрсеттім. Жаңа маусымда жалақымды көтеруді сұрадым. Клуб бұл ұсынысқа келіспеді.

Жерар Гоу: «Ақтөбеден» жалақымды көтермегендіктен кетіп қалдым

— Чемпионатқа оралған кезде артық салмағыңыз болды. Ойын ритміне келу қиынға соққан жоқ па?

— Ия, менің артық салмағым болды. Мен салмақты тез қосам. Алайда, салмақты да лезде тастаймын. Сол себепті салмақ мен үшін үлкен мәселе болған жоқ. «Қайрат» сапында ойнап жүрген кезде де осындай мәселе болған, алайда, маусымды үздік сұрмерген мәртебесінде аяқтадым. Мен тек керек кезде көңіл көтеріп, керек сәтте жұмыс істей аламын.

— Қазір мансабыңызды аяқтадыңыз ба? Алдағы жоспарыңыз қандай?

— Мен футболдағы мансабымды аяқтадым. Қазіргі мақсатым — Қазақстан клубтарымен жұмыс жасау. Қазақстан футболына жаңа жаңалық әкелу. Себебі Қазақстан мені жат көрмей, құшақ жая қарсы алды. Қай елде жүрсем де мақтанышпен Қазақстан — менің елім деп айта аламын.

— Еуропа командаларының ұсыныстарынан бас тартып, Қытай командасын таңдадыңыз. Қытайлық клубтар шынымен қыруар қаражат төлей ме?

— Иә, маған бірнеше елден қызығушылық та, ұсыныс та түсті. Қытай командасы маған ең жоғары жалақы ұсынды. Сол себептен сол чемпионатты таңдадым. Бұрынғы клубым жақсы қаражатты ешқандай мәселесіз төледі.

— Қазақстан чемпионатын бақылайсыз ба? Бұрын өнер көрсеткен командалардың ойыны жайлы пікіріңіз қандай?

—  Мен әрқашан Қазақстан чемпионатын бақылап жүремін. Ұлттық құраманың нәтижелеріне тәнтімін, мақтан тұтамын. Бірақ, бізге әлі де жұмыс жасау қажет. Өз кезегімді Қазақстандық футболды дамытуға көмектесуге әрдайым дайынмын.



Күн шежіресі