Жәнібек Тыныштық: Қарсыласымды мерзімінен бұрын жеңуді көздеп отырмын

Жәнібек Тыныштық: Қарсыласымды мерзімінен бұрын жеңуді көздеп отырмын

«Alash Pride» пен «Brave» ұйымдарының бірлескен турнирінде өнер көрсететін қазақстандық лиганың чемпионы, «Еркін Күш» клубының өкілі Жәнібек Тыныштық Sport+ сайтына эксклюзивті сұхбат беріп, жекпе-жекке дайындығы мен қарсыласы Асланбек Рустамбек уулу туралы пікірін айтты.

— Жәнібек, «Alash Pride» лигасындағы жекпе-жекке дайындық қалай өтіп жатыр? Қиындық тудырып жатқан мәселелер бар ма?

— Оразадан кейін дайындыққа екі-үш ай уақыт кетті. Жұмыс екі кезеңнен тұрды. Қазіргі бабым жақсы, жарақат алған жоқпын. Спаррингтерде Нұрбек Қабдрахманов, Дастан Амангелді, Саламат Исбулаев секілді мықты спортшылар көмектесті. Жалпы, өзімді 100 пайыз дайынмын деп айта аламын.

— Қарсыласыңыз туралы не айта аласыз? Оның кәсіби мансабындағы үзіліс сізбен өтетін жекпе-жекке әсер етуі мүмкін бе?

— Қарсыласым — қырғыз жауынгері. Жас болғанымен, тәжірибесі мол. Рекорды — 6-1. Ол екі жыл бойы жекпе-жекке шықпаған, бұл функционалдық тұрғыда әсер етуі мүмкін. Біз (бапкерлерімен — Sport+) екінші немесе үшінші раундта жекпе-жекті мерзімінен бұрын аяқтауды жоспарлап отырмыз.

— «Еркін Күш» клубында бір уақытта бірнеше жауынгер өз жекпе-жектеріне дайындалды. Бұл сіздің дайындық процесіңізге кедергі келтірмеді ме?

— Иә, біздің залда бірнеше спортшы дайындалуда. Бірақ бұл жаттығу процесіне ешқандай кедергі келтірген жоқ. Әркім өз қарсыласына ұқсас спарринг-серіктестермен жұмыс жасады.

— Сіз лига чемпионысыз, алайда жекпе-жегіңіз басты кардқа енбеген. Бұл шешімге қатысты ренішіңіз бар ма?

— Лигаға ешқандай ренішім жоқ. Себебі «Alash Pride» ұйымы турнирдің «Brave» лигасымен бірлесіп өтетінін алдын ала айтып, осы үш раундтық жекпе-жекті ұсынған болатын.

«Alash Pride» пен «Brave» ұйымдарының бірлескен турнирін Sport+ телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді. Аталған кеш 31 мамыр күні өтеді.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Alash Pride League (@alash_pridefc)



Күн шежіресі