Сағындық Мекеев Самусев – Жеңісұлы жекпе-жегі туралы: Николайдың соққылары өте ауыр, ал Балғынның артықшылығы – тынысы жақсы
Қазақстан Республикасы ММА және панкратион ұлттық федерациясының президенті Сағындық Мекеев арнайы Sport+ үшін NAIZA 84 турниріндегі Николай Самусев пен Балғын Жеңісұлы арасындағы чемпиондық жекпе-жекке талдау жасады.
«Өте жақсы әрі жанкүйерлерге ұнайтын жекпе-жек болады деп сенемін. Көп жағдайда айқас тік тұрып өтетін сияқты. Кем дегенде, Николай күресуге ұмтылмайды, торға қысады, бірақ оның негізгі жұмысы — тік тұрып төбелесу.
Самусевтің соққылары өте ауыр, физикалық тұрғыдан мықты. Оған қоса, ол Шешенстанда оқу-жаттығу жиындарын өткізді. Мамандардың пікірінше, ол жақсы әсер қалдырған, сапалы спаррингтер өткізген және қазір өте жақсы формада. Ол үшін әрдайым ең маңыздысы — функционалдық дайындық. Егер ол мінсіз формада шығып, тынысы жақсы болса, Балғынға өте қиын болады.
Алайда Балғын алғашқы раундтардағы қысымды көтере алса, чемпиондық раундтарда қарсыласынан басым түсуі мүмкін. Оның тынысы жақсы, бұл — оның басты артықшылығы.
Мен бұл жекпе-жекті асыға күтіп жүрмін. Жігіттерге жақсы дайындалып, салмақ қуып, Ақтаудағы көрермендерді керемет айқаспен қуантуына тілектеспін».
Бұл жекпе-жек 6 маусым күні өтетін NAIZA 84 турнирінің басты айқасы болады. Турнирді тікелей эфирде Sport+ телеарнасы көрсетеді.