Рауан Бекболат: Үш жарақаттан кейін де толық дайынмын
«Alash Pride» турнирі қарсаңында қазақстандық жауынгер Рауан Бекболат Sport+ сайтына сұхбат беріп, жарақаттан кейінгі кезеңі, қазіргі дайындығы және алдағы жекпе-жегі туралы пікір білдірді.
— Рауан, жарақатыңызға байланысты мансабыңызда үлкен үзіліс болды. Осы уақыт аралығында немен айналыстыңыз? Қазіргі бабыңыз қандай?
— Жарақат алған кезеңде де тынымсыз еңбек еттім. Мен жаттығуға жұмыс ретінде қараймын. Жұмыстан қалуға болмайтыны сияқты, жаттығуды да үзген емеспін. Қазіргі бабым жақсы.
— Жарақатыңызды толық емдеп болдыңыз ба?
— Иә, жарақаттарымды толық емдеп шықтым. Менде үш жарақат болды. Омар Соломоновпен жекпе-жек кезінде сол аяғым сынған. Одан кейін жаттығуға қайта кіріскен кезде тіземнің менискісі жыртылды. Үшінші жарақатқа байланысты құлағыма ота жасаттым.
— Бұрынғы қарсыласыңыз Омар Соломонов «Alash Pride» турнирінде африкалық спортшымен жекпе-жек өткізеді. Осы айқас туралы не ойлайсыз? Егер қарсыластардың бірі салмақ талаптарына сай келмей қалса, оны алмастыруға дайынсыз ба?
— Омар — өте мықты қарсылас. Оның африкалық спортшысын мерзімінен бұрын жеңеді деп ойлаймын. Ал алмастыруға 100 пайыз дайынмын. Қайсысы берілсе де, жекпе-жекке шығуға әзірмін.
Аталмыш турнирді 31 мамырда Sport+ телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді.