U15 құрамасының ұлттық академиясы ашылды
Ашылу рәсіміне Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Барменқұлов, футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Станислав Черчесов, Қазақстан жастар құрамасы бас бапкерінің көмекшісі Елдос Ахметов және ұлттық құрама ойыншысы Аслан Дарабаев қатысты.
Жобаға ФИФА техникалық директоры Арсен Венгер қолдау көрсетіп, ұлттық академияның бас бапкері қызметіне ағылшындық маман Стюарт Джон Холл тағайындалды. Бас бапкердің жетекшілігімен жыл басынан бері еліміздің түкпір-түпкірінен 1300-ден астам 15 жасқа дейінгі ойыншы іріктеуге қатысты. Жекеменшік мектептер мен ауылдық жерлердегі футбол секциялары да назардан тыс қалмады. Іріктеуден іркілмей өткен 25 футболшы енді Талғарда орналасқан ұлттық академияға қабылданды. Әрі қарай Қазақстан U-15 ұлттық академиясы ФИФА және УЕФА ұйымдастырған халықаралық турнирлерге қатысады.
Айта кетейік, 2023 жылы таланттарды дамыту жөніндегі стратегиялық мақсат аясында Қазақстан футбол федерациясы ФИФА-мен келіссөздер жүргізіп, жас ойыншыларды дамыту туралы өз жобасын ұсынды.
Нәтижесінде ҚФФ Халықаралық футбол федерациясының (ФИФА) даңқты футбол бапкері Арсен Венгер басқаратын High Performance департаментімен серіктес атанды. ФИФА-ның техникалық директоры Арсен Венгер ҚФФ айқындаған мақсаты мен нақты жобасына қолдау білдірді.
Осы жоба аясында Қазақстанға UEFA Pro лицензиясының иесі және UEFA және AFC лицензиясының нұсқаушысы, ағылшын маманы Стюарт Джон Холл шақыртылды. Birmingham City академиясының басшысы қызметінде тәжірибесі бар және ФИФА-да әлемнің әр түкпірінде жұмыс істеген Холл Қазақстандағы футбол таланттарын дамытуда көп үлесін тигізеді.