Шетелдік мамандар: Жақсылық Үшкемпіров турнирі Еуропа мен Азия чемпионаттарының деңгейінде өтті
Астанада өткен Жақсылық Үшкемпіровті еске алуға арналған грек-рим күресінен халықаралық турнир көп жылдан бері дүниежүзілік күрес федерациясының ресми күнтізбесіне енген беделді жарыс. Биыл жүлде қоры әлдеқайда толыққан және ұйымдастыру деңгейі де артқан даңқты балуанның турнирін шетелдік мамандар жоғары бағалады. Sport Plus Qazaqstan тілшісі қонақтармен сұхбаттасқан еді.
United World Wrestling техникалық делегаты ретінде жарыстың барлық ережеге сай өтуін қадағалайтын Левент Сен қазақ халқының аңыз адамының турнирінде жұмыс істеу үлкен құрмет екенін жеткізді:
«Ұйымдастыру деңгейі өте жоғары. Шыны керек, Азия және әлем чемпионаттарына тең келеді деп айтуға болады. Оның ішінде кілем, камералар, тағы басқа қажетті құралдың барлығы толық қамтамасыз етілген. Оған қоса биыл он команда қатысуы жақсы көрсеткіш. Жиырма жасқа дейінгі балуандар үшін бұл таптырмас практика алаңы. Командалар өздерінің осал не мықты тұстарын анықтап, әрі қарай әлем чемпионатына дайындықтарын реттейді»
Белгілі маман Қазақстанға осымен үшінші рет келіп, күрес саласының қаншалықты дамығанын байқаған екен:
«2015 жылы Таразда Қонаев турнирінде, 2019 жылы Астанада әлем чемпионатында, 2021 жылы Алматыда Азия іріктеу турнирінде қызмет атқардым. Қазақстан бапкерлері мен төрешілерінің жұмысын атап өткім келеді. Әркім өз міндетін лайықты атқарады, күрес ережесіне сай не істеу керектігін керемет меңгерген. Бұл біздің жұмысымызды жеңілдетеді. Бір қарапайым бірақ маңызды нәрсе - менің қолымда микрофон болды. Әдетте бұл тек әлем чемпионаттарында болатын дүние. Челленджден соң төрешілердің шешімін көпшілікке егжей-тегжейлі түсіндіремін, сонда бапкерлерде артық сұрақ туындамайды»
Үшмкемпіров турнирінің жүлде қоры биыл әлдеқайда өскен. Әр салмақ дәрежесінде жеңімпазға 1.5 миллион теңге, екінші орынға 1 миллион, қос үшінші орындарға 500 мың теңгеден және жеңімпаздың бапкеріне 100 мың теңге табысталды. Балуандар он салмақ дәрежесінде мықтыны анықтады. Бұндай қомақты сомма 18-19 жасар спортшыларды жігерлендіретінін және осы сынды жарыстар әлемде кемде-кем екенін шетелдік жаттықтырушылар жарыса айтуда. Имран Табаев, Бельгия құрамасының аға бапкері:
«Астанадағы турнир тіпті Еуропа чемпионатынан да жоғары деңгейде өтті деп айтар едім. Бірнеше жылдан бері жолымыз түспей, биыл қатыса алғанымызға өте қуаныштымын. Қазақстанның спорттық инфрақұрылымы қатты дамыған екен. Оған қоса балуандарды осындай қомақты қаражатпен қолдау - күрес сынды спорт түріне аса қажет нәрсе»
Турнирден екі апта бұрын шетелдік командалар Қазақстан құрамасымен Шымкентте бірлескен оқу-жаттығу жиынын өткізді. Мамандар бұл шара жас балуандарға аса пайдалы болғанын бөлісті. Евгений Мягкий, Украина құрамасының аға бапкері:
«Оқу-жаттығу жиыны да, турнир де өте жоғары деңгейде өтті. Біз Қазақстанға үздік балуандарымызды әкелдік. Олардың арасында әлем және Еуропа чемпиондары бар. Биылғы Украина Кубогының жеңімпаздары осында. Біз үшін бұл турнир Еуропа және әлем чемпионатына жақсы дайындық алаңы болды»