QJL All Star құрамасы «Боруссияны» жеңді

QJL All Star құрамасы «Боруссияны» жеңді

Алматыда дәстүрлі Freedom QJ League жұлдыздар матчы өтті.

U-18 турнирінің үздік ойыншыларынан жасақталған QJL All Star құрамасы Германияның бай тарихы мен беделді академиясына ие ірі клубтарының бірі — Мёнхенгладбахтың «Боруссия» академиясының тәрбиеленушілерімен кездесті.

Лиганың әрбір спорттық іс-шарасы өзіндік ерекше тұжырымдамамен ерекшеленеді. Биылғы QJL All Star 2026 матчының басты ұраны — «Сенің ұшқының. Біздің жалын» болды. Осыған сәйкес ашылу салтанаты, үзіліс кезіндегі шоу және afterparty бағдарламасы нағыз жалынмен безендірілген жарқын перформанстар арқылы көрермендерді тәнті етті.

Дәстүр бойынша матч алдында жанкүйерлерге фотозоналар, VR және AR аттракциондары, аниматорлардың қойылымдары, тамақтану аймақтары, сондай-ақ Changan Kazakhstan мен COPA.KZ серіктестерінің арнайы алаңдары ұсынылды. Барлық ойын-сауық кештің «отты» тұжырымдамасына сай ұйымдастырылды.

Матч басталар алдында Қазақстан футбол федерациясының бас хатшысы Скотт Манн, «Боруссия» директорлар кеңесінің мүшесі әрі клуб аңызы Уве Кампс, Changan Kazakhstan дистрибуция директоры Денис Коломацкий және Лига президенті Рохус Шох құттықтау сөз сөйледі.

Қазақстан футболының дамуына қосқан үлестеріне құрмет ретінде Германиядан келген қонақтар — Уве Кампс пен «Боруссия» бапкерлер штабының мүшесі, Еуропа чемпионы және әлем чемпионатының күміс жүлдегері Кристиан Цигеге қазақтың дәстүрлі шапаны табысталды.

Сондай-ақ «қара-ақ-жасылдар» клубының вице-президенті Уве Кампсқа Лига елшісі, 1988 жылғы Олимпиада чемпионы Евгений Яровенко арнайы сыйлық ұсынды. Айта кетейік, дәл сол Олимпиадада Уве Кампс Германия құрамасымен қола жүлдеге ие болған еді.

Тартысты матч және көптен күткен жеңіс

Ринат Жиембеков жаттықтыратын QJL All Star құрамасының негізгі құрамында Камиль Гайнуллин (капитан), Ислам Рақым, Әлфир Ханафи, Мейірлан Балтабаев, Мансұр Авасханов, Дамир Юсупбеков, Әлихан Жұмабек, Марлен Амренов, Расул Акимов, Сергей Шарунов және Дәулет Орынбасар алаңға шықты.

Ал «Боруссия» сапында Максимилиан Кванте, Джоэл Увахонье, Нильс Хагедорн, Максим Лагос, Озан Сулаксу, Пит Заутнер (капитан), Салих Юши Джаным, Иван Чалета, Феликс Шлёссер, Кенни Вестйенс және Алдрин Асани өнер көрсетті.

3 055 жанкүйер жиналған трибуналар қазақстандық құраманы қызу қолдады. Алайда Германиядан келген команда да «Боруссия» футбол мектебінің жоғары деңгейін және ойыншыларының шеберлігін көрсете білді. Оның құрамында әртүрлі елдердің жасөспірімдер құрамаларында өнер көрсететін футболшылар бар.

Кездесу өте тартысты өтті. Негізгі уақытта есеп ашылған жоқ. Қазақстандықтарда бірнеше қауіпті мүмкіндік болғанымен, «Боруссияның» қорғанысы мен қақпашысы сенімді ойнады. Өз кезегінде QJL All Star қорғаушылары да қарсыластың шабуылына тосқауыл бола білді.

Осылайша матч тағдыры пенальти сериясында шешілді. Шешуші сәтте QJL All Star футболшылары мықтырақ болып, 6:5 есебімен жеңіске жетті.

QJL All Star сапындағы матчтың үздік ойыншысы болып «Қайраттың» жартылай қорғаушысы Ислам Рақым танылды. Ал қонақтар сапында бұл марапат Пит Заутнерге бұйырды.

Еске салсақ, былтыр QJL All Star құрамасы мадридтік «Атлетикомен» де пенальти сериясына дейін барған еді. Ол кездесудің негізгі уақыты 1:1 есебімен аяқталып, қазақстандықтар сапында «Астана» клубының вингері Мақсат Абраев гол соққан болатын. Алайда сол жолы пенальти сериясында испаниялық клуб жеңіске жетсе, биыл жеңіс қазақстандық құраманың еншісіне бұйырды.

Болашаққа бағытталған әріптестік

Бұл кездесу — Лига мен «Боруссия» арасындағы ұзақ мерзімді әрі өзара тиімді ынтымақтастықтың алғашқы қадамы ғана.

Болашақтағы әріптестік аясында тәжірибе алмасу, жолдастық турнирлер ұйымдастыру, скаутинг жобаларын іске асыру, Лига клубтарының ойыншылары мен бапкерлерін Германияда тағылымдамадан өткізу, сондай-ақ «Боруссия» мамандарының спорттық-аналитикалық бағыттағы семинарларға қатысуы жоспарланып отыр. Сонымен қатар Германияда тағы бір жолдастық матч өткізу мүмкіндігі де қарастырылуда.

Енді QJL All Star құрамасының ойыншылары мен бапкерлері өз клубтарына оралады. Freedom QJ League ойындары келесі аптада қайта жалғасады.



Күн шежіресі