logo

Қазақстандық балуан қырғызстандық спортшының дисквалификациясына байланысты Азия чемпионы атанады

Қазақстандық балуан қырғызстандық спортшының дисквалификациясына байланысты Азия чемпионы атанады

Қырғызстандық балуан Ақылбек Талантбековтың допинг қолданғаны үшін дисквалификациялануы қазақстандық Диас Календі Азия чемпионы қылды, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan

Халықаралық тестілеу агенттігі (ITA) антидопинг ережелерін бұзған спортшылардың тізімін жариялағаннан кейін бұл ақпарат белгілі болды. 

Грек-рим күресінен өнер көрсеткен Ақылбек Талантбеков 2023 жылдың 10 сәуірінде алынған допинг сынамасында «метастерон» тыйым салынған препараты анықталғандықтан, ресми түрде төрт жылға жарыстардан шеттетілді.

Аталған сынама Талантбеков Азия чемпионатының 82 келіге дейінгі салмақта Астанада өткен финалынан кейін алынған болатын. Ол финалда қазақстандық Диас Календі 3:2 есебімен жеңген. Алайда, ITA шешімімен бұл нәтиже жойылды. Талантбеков 2027 жылдың маусымына дейін жарыстарға қатыса алмайды.

Азия чемпионатының алтын медалі енді қазақстандық балуан Диас Каленге беріледі.