Қазақстан құрамасының жас футболшысы «Ордабасыға» ауысты
«Ордабасы» футбол клубы 21 жастағы қазақстандық жартылай қорғаушы Әбинұр Нұрымбетпен келісімшартқа қол қойғанын жариялады, деп хабарлайды Sport+ шымкенттік клубтың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Әбинұр Нұрымбет — кәсіби футболдағы алғашқы қадамын бастаған «Тараз» футбол клубының түлегі.
18 жасында жартылай қорғаушы мансабын Беларусь чемпионатында жалғастырып, «Энергетик-БГУ» және «Гомель» клубтарының намысын қорғады. Беларусь Жоғары лигасында өнер көрсеткен кезеңде қазақстандық футболшы 23 матч өткізіп, 5 гол соғып, 3 нәтижелі пас берді. Кейін Өзбекстанның «Андижан» клубында ойнап, сол командамен бірге Өзбекстан Кубогының иегері атанды.
Елге оралғаннан кейін Нұрымбет «Тұран» сапында өнер көрсетіп, кейін павлодарлық «Ертіс» клубының құрамына қосылды. 2024 жылдан бері жартылай қорғаушы Қазақстан жастар құрамасы сапында 11 матч өткізді. Ал небәрі екі күн бұрын ол Венгрияға қарсы кездесуде (1:3) Қазақстан ұлттық құрамасы сапында дебют жасады.