«Ордабасы» Бауыржан Исламханды «Елімайға» бермей қойды
Биылғы маусымда ҚПЛ-ге қосылған Семейдің «Елімайы» жазғы трансферлік кезеңде қатарын мықты жартылай қорғаушымен күшейтпек болған, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.
Өйткені, команда турнирді жүлделі орындардың бірінде аяқтауды жоспарлап отыр.
Осылайша Андрей Карповичтің көзі Қазақстан құрамасы мен «Ордабасының» ойыншысы Бауыржан Исламханға түскен екен. Алайда, семейліктердің бұл қалауы орындалмай қалды: «Ордабасы» Бауыржанды ешқандай жағдайда сатпайтынын мәлімдеген.
Қазіргі таңда шымкенттік команда Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңінде өнер көрсетіп жатыр. Бұл сәтте ойыншы сату ақылға қонымсыз деп жауап беріпті «Ордабасы» басшылары.
Нәтижесінде «Елімай» қазір клубсыз жүрген Аслан Дарабаевты өз қатарына қосты. «Астана» сапынан кеткен жартылай қорғаушы Қазақстан құрамасында ойнайды.