Мессидің «бауырлары» мен Тьерри Анридің шәкірттері төбелесті
Франция мен Аргентина ұлттық құрамаларының ойыншылары футболдан Олимпиада ойындарының ширек финалы аяқталған бойда жаппай төбелес ұйымдастырды, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.
Матч Бордо қаласындағы «Матмут-Атлантик» стадионында өтіп, француздардың жеңісімен аяқталды – 1:0. Жалғыз голды алаң иелерінің шабуылшысы Жан-Филипп Матета ойынның бесінші минутында соққан еді.
Төрешінің финалдық ысқырығы естілген бойда француз Энцо Мийо мен аргентиналық Николас Отаменди ерегесіп қалып, мұның соңы жаппай төбелеске ұласты.
Енді Франция жартылай финалда Мысыр құрамасымен өзара кім мықтыны анықтайды.