Марк Гуаль: Мен «Қайратқа» гол соғу үшін келдім

Марк Гуаль: Мен «Қайратқа» гол соғу үшін келдім

«Қайраттың» шабуылшысы УЕФА Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңінде «Сутьесканы» жеңгеннен кейін Sport+ басылымына берген сұхбатында матч туралы пікірін айтып, бас бапкердің ойыннан кейінгі сөздерімен бөлісті.

— Біз жеңіске жеттік, ең маңыздысы — осы. Чемпиондар лигасында жеңіске жету оңай емес, бірақ біз өз мақсатымызға қол жеткіздік.

— Қосымша уақытта жеңіс голын соққан сәтте қандай сезімде болдыңыз?

— Өте қуаныштымын. Мен дәл осы үшін келдім — гол соғып, командама жеңіске жетуге көмектесу үшін. Бүгін бәрі ойдағыдай болды. Енді осы қарқынды сақтап, алға жылжуымыз керек.

— Команда гол жіберіп алған кезде нәтиже үшін алаңдаушылық болды ма?

— Қарсылас та өте жақсы команда. Біз жіберген қателіктерімізді түзетіп, гол жібермеуге тырысуымыз керек. Бірақ ең бастысы — гол өткізіп алғаннан кейін де ойынға қайта оралып, мінез көрсете алдық. Біз соңына дейін күресіп, матчтың тағдырын өзгертуді мақсат еттік және соған қол жеткіздік. 

— Алда қарымта матч күтіп тұр. Черногориядағы кездесуден не күтесіз?

— Ол өте қиын ойын болады, әсіресе олардың өз алаңында. Біз бүгінгі матчты мұқият талдап, кемшіліктерімізді түзетіп, одан да сапалы ойын көрсетуіміз керек. Сонда келесі кезеңге өте аламыз.

— «Сутьеска» командасы туралы не айта аласыз? Олардың қандай мықты қырларын байқадыңыз?

— Олар қорғаныста өте сауатты әрі тәртіпті ойнады. Маған олардың ойын мәнері ұнады. Бірінші таймда бізге өте қиын болды. Екінші таймда ойынымыз жақсарды. Дегенмен, тағы да қайталаймын, бұл матчты талдап, кейбір тұстарды түзетуіміз қажет.

— Бүгінгі ойыннан кейін бас бапкер киім ауыстыратын бөлмеде командаға не айтты?

— Жоғарыда айтқанымдай, біз жеңдік, ең бастысы — осы. Бірақ әлі де түзетуді қажет ететін тұстар бар. Әсіресе, гол жібермеуге мән беруіміз керек. Соған қарамастан, ең маңызды оң нәтиже — команда мінез көрсетіп, гол жібергеннен кейін қайтадан ойынға оралып, жеңіске жете алды.