Даниил Медведев: «Almaty Open – керемет турнир, маған Алматы ерекше ұнайды»

Даниил Медведев: «Almaty Open – керемет турнир, маған Алматы ерекше ұнайды»

Almaty Open ATP 250 турнирінің қазіргі чемпионы Даниил Медведев Алматыдағы жарыстағы алғашқы кездесуінің алдында журналистермен жүздесті. Ресейлік теннисші маусымның соңындағы мақсаттары, қазақстандық Александр Бубликпен ықтимал кездесуі, турнирдің атмосферасы және былтырғы жеңісінен кейін сыйға алған шапаны туралы айтып берді.

Медведев маусымның қалған бөлігін барынша нәтижелі өткізіп, Алматыда тағы бір титул жеңіп алуға ниетті екенін жеткізді.

«Қай турнирге барсаң да, барынша көп ұпай жинауға тырысасың. Қазір маусым аяқталуға жақын, сондықтан соңына дейін жақсы өнер көрсету керек. Әрине, мұнда неғұрлым көп ұпай жинасам, соғұрлым жақсы. Ең жоғары көрсеткіш – 250 ұпай. Сондықтан бұл мен үшін тамаша нәтиже болар еді. Мұнда келген барлық теннисші сол 250 ұпайды жеңіп алғысы келеді», – деді Медведев.
Теннисші Almaty Open турнирінің ұйымдастырылу деңгейін жоғары бағалап, былтырғы жеңісінен кейін Қазақстанға қайта оралғанына қуанышты екенін айтты.

«Бұл – керемет турнир. Өткен жылы мұнда алғаш рет келдім. Жағдайлар ұқсас, ұйымдастыру деңгейі де бұрынғыдай жоғары. Жақсы турнир, оның үстіне Еуропаға барар жолда орналасқан. Маған Алматы ерекше ұнайды, сондықтан биыл да жақсы өнер көрсетуге тырысамын», – деді ол.
Журналистермен кездесуде Медведевтің Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бубликпен ықтимал кездесуі де сөз болды. Турнир кестесіне сәйкес, екі теннисші жартылай финалда жолығуы мүмкін.

«Сашамен көптен бері ойнаған жоқпыз. Қателеспесем, соңғы кездесуімізде Галледе оған есе жібердім. Жалпы, теннис қызық спорт қой, екеуміз бір-бірімізбен сирек кездесеміз. Турнир кестесі бойынша жартылай финалда ойнауымыз мүмкін. Бірақ оған дейін әр матчты жеке қарастыру керек. Егер кездессек, көрермендер үшін жоғары деңгейдегі қызықты ойын болады деп ойлаймын», – деді Медведев.
Алматыға қайта оралуының себептері туралы айтқан спортшы турнирдің ұйымдастырылуымен қатар, отбасына қолайлы атмосфераны да ерекше атап өтті.

«Мұнда ұйымдастыру деңгейі өте жоғары. Былтыр да, биыл да жұбайыммен және балаларыммен бірге келдім. Атмосферасы өте жағымды. Міне, осының өзі екі себеп. Үшіншісі – былтыр осы турнирде жеңіске жеткенім. Егер бір турнирде чемпион атансаң, демек, оның жағдайлары саған қолайлы деген сөз», – деп бөлісті теннисші.
Сондай-ақ Медведев былтыр Almaty Open турниріндегі жеңісінен кейін сыйға берілген қазақтың ұлттық шапаны туралы да айтты. Ол бұл сыйлықты әлемнің түрлі елдерінен жинаған естелік бұйымдарының арасында сақтап қойғанын жеткізді.

«Алматыдағы жеңісімнен кейін сыйлаған шапан маған қатты ұнады. Үйімде әлемнің әр түкпірінен әкелген түрлі кәдесыйлар сақталатын шкаф бар. Олардың әрқайсысы жақсы естеліктерді еске түсіреді. Егер биыл тағы жеңіске жетіп, екінші шапан сыйласа, оны біреуге сыйлаймын», – деді Медведев күлімсіреп.
Даниил Медведев биылғы Almaty Open турниріне қатысып жатқан бұрынғы үш чемпионның бірі. Ол 2025 жылы Алматыда жеңімпаз атанған болатын. Енді ресейлік теннисші чемпиондық атағын қорғауға тырысады.

ATP 250 санатындағы Almaty Open турнирі 17–25 қазан аралығында Almaty Arena кешенінде өтіп жатыр.

Тек Beeline клиенттері ғана алғашқы ғарыштық мобильді байланысты Direct to Mobile технологиясының арқасында Starlink жерсеріктері арқылы бүкіл Қазақстан аумағында пайдалана алады. 



Күн шежіресі