Көшен Ақанов: Жекпе-жектен түскен сыйақымды су астында қалған ауылыма жұмсаймын
NAIZA 59 турнирінің аясында қазақстандық жауынгер Көшен Ақанов ресейлік қарсылас Роман Аракелянмен жекпе-жектен кейін пікір бөлісті, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.
- Жекпе-жек жоспарым бойынша өтті. Жаттығу мен үшін қиын болды, мен панкратионда өнер көрсеттім, қабырғамды ауыртып алдым. Ақталғаным емес, жарақат күрделі болды, бірақ бұлда бір Алланың сынағы деп шықтым. Бұл жеңісімді қиын қыстау заманда су тасқынынан зардап шеккен халқыма арнаймын. Біз сіздермен біргеміз! Осы жекпе-жектен түскен сыйақымды су астында қалған ауылыма жұмсаймын. Аз болса да, көптей көріңіздер.
Сонымен қатар Көшен қарсылас Абу Нұрболатпен жүзеге аспаған жекпе-жек туралы айтып берді.
Абу, бауырым, жекпе-жекке екі рет шықпай қалдың. Себепсіз. Аш бала мен тоқ бала ойнамайды. Мен бүгін аш болдым,- деді Ақанов.
Көшен Ақанов NAIZA 59 жарысының басты жекпе-жегінде «Шторм» мектебінің жауынгері Роман Аракелянды сенімді жеңді.