Илья Хохлов: Плей-офф аймағына жақындап қалдық, бірақ ойынымызға назар аударып отырмыз
30 жастағы ресейлік қорғаушы, «Барыс» ойыншысы Илья Хохлов Құрлықтық хоккей лигасының (ҚХЛ) 2024/25 маусымындағы команда көрсеткіштері туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Sport+.
«Барлығы бәрін жақсы түсінеді. Қалай болғанда да, турнир кестесіне қарауға тура келеді. Иә, біз плей-офф аймағына жақындап қалдық, бірақ басты назарымыз өз ойынымызда. Әр матчтағы міндетіміз — жеңіс. Алда не болатынын ешкім білмейді. Кез келген командада құлдырау болуы мүмкін, және бәрі өзгеріп кетуі ықтимал. Сондықтан әр ойынға дайындалып, матчтан матчқа қадам басамыз. Мен «Барысқа» келген кезде, алғашқы сырт алаңдағы ойынымыздан кейін команда мен бапкерлік штабтың жартысы ауысты. Қазір Ғалым Мәмбеталиевтің жетекшілігімен 12 матч өткіздік, оның алтауында жеңіске жеттік. Біз дұрыс жолдамыз», — деді Хохлов.
ҚХЛ-дың 2024/25 маусымында «Барыс» 28 ойын өткізіп, 20 ұпай жинады және Шығыс конференциясында 11-орында тұр.
Ағымдағы маусымда Хохлов астаналық команда сапында 15 матч өткізіп, бір нәтижелі пас берген.