«Ертіс» құрамын жас жартылай қорғаушылармен толықтырды
Павлодарлық «Ертіс» маусымның екінші бөлігі алдында құрамын күшейтуді жалғастырып, қазақстандық екі жартылай қорғаушы — 22 жастағы Дархан Бердібек пен 21 жастағы Давид Есімбековпен келісімшартқа отырды, деп хабарлайды Sport+ клубтың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Дархан Бердібек — Ақтау қаласының «Каспий» клубының түлегі. Кәсіби мансабын 2021 жылы клубтың жастар командасында бастаған, ал бір жылдан кейін Қазақстан Премьер-лигасында негізгі команда сапында дебют жасады. Әртүрлі жылдары «Ақтөбе» және елордалық «Жеңіс» клубтарының намысын қорғады. Биылғы маусымның алғашқы бөлігін «Каспий» құрамында өткізіп, 10 матчқа қатысты. Жалпы, оның Қазақстан Премьер-лигасындағы көрсеткіші — 44 ойын және 3 гол. Сонымен қатар, ол Қазақстан жастар құрамасында өнер көрсеткен.
Давид Есімбеков — Талдықорғанның «Жетісу» клубының түлегі. Кәсіби мансабын 2021 жылы клубтың Екінші лигада өнер көрсеткен жастар командасында бастады. Кейін «Жетісудың» негізгі құрамында, ресейлік «Черноморец» және елордалық «Жеңіс» клубтарында ойнады. Өткен маусымда жартылай қорғаушы «Жетісу» сапында 25 матч өткізсе, биылғы чемпионатта Ақтаудың «Каспий» командасы құрамында 15 ойынға қатысты. Оның Қазақстан Премьер-лигасындағы жалпы көрсеткіші — 59 матч. Сондай-ақ, ол Қазақстан жастар құрамасының сапында да өнер көрсетті.
Екі футболшы да павлодарлық команда сапына қосылып, алдағы кездесулерде «Ертіске» көмектесуге дайын.