Еркін Тапалов — «Қайрат» ойыншысы
«Қайрат» футбол клубы Қазақстан құрамасының ойыншысы Еркін Тапаловпен келісімшартқа қол қойғанын хабарлады, деп жазады Sport+.
Келісімшарт 2025 жылдың соңына дейін жасалды, бір жылға ұзарту мүмкіндігі қарастырылған.
Еркін — Орал қаласының «Ақжайық» клубының түлегі. Ол кәсіби мансабын 2011 жылы туған клубында бастап, тоғыз маусым бойы сол жерде өнер көрсетті. Сонымен қатар, ол «Жетісу», «Каспий», «Шахтер», «Тұран» және «Қызылжар» командаларының намысын қорғады. Қазақстан Премьер-лигасында жалпы саны 197 матч өткізген.
Өткен маусымда Тапалов Қостанайдың «Тобыл» клубында ойнады. Барлық турнирлерде 27 матчқа қатысып, 2 гол соғып, 4 нәтижелі пас берді.
Қазақстан құрамасында жартылай қорғаушы 2019 жылы дебют жасап, ұлттық команда сапында 17 матч өткізген.