Дзюдодан іріктеу белдесуі: 60 келі салмақта Парижге кім барады?
Қазақстан дзюдо федерациясы 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Париж олимпиадасының қатысушысын анықтау мақсатында іріктеу белдесуін өткізеді, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.
Қазақстан дзюдо федерациясынан мәлім еткеніндей, аталмыш сайыс ұлттық құраманың Алматы қаласында өтіп жатқан оқу-жаттығу жиыны аясында 7 маусым күні ұйымдастырылады.
Халықаралық дзюдо федерациясының және Халықаралық олимпиада комитетінің ережесі бойынша жазғы олимпиада ойындарына дзюдодан әр салмақтан әр елден тек бір спортшы қатысады.
Қазіргі таңда 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Қазақстаннан үш спортшы, атап айтқанда, Нұрқанат Серікбаев, Елдос Сметов және Мағжан Шамшадин олимпиадалық рейтингте жолдама иегерлері тізімінде тұр.
Іріктеу белдесулері туралы толығырақ мәлімет қосымша хабарланады.