Ботай-Астана бағытындағы «Ұлы дала жорығы» халықаралық бәйге-марафоны аяқталды
5 күнге созылған 500 шақырымдық жорықта мәре сызығына Қабардин-Балқар командасы бірінші болып жетті, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.
Оның артынша Алматы қаласының құрамасы (уақыт: 28:04:40) келді, ал үшінші орынға Ақтөбе облысының командасы (уақыт: 28:26:57) тұрақтады.
Төртінші орын Жетісу облысының спортшыларына (уақыт: 29:39:20), ал бесінші орын Маңғыстау облысының (29:43:40) қыздардан құралған командасына бұйырды.
Бұл халықаралық бәйге-марафонда түрлі рекордтық көрсеткіштер тіркелді. Мысалы, Қырғызстан құрамасы жарыс жолынан шығып қалғанымен, алғашқы 100 шақырымды 5 сағат 12 минут 23 секундта бағындырып, керемет нәтиже көрсетті.
Марафонға 17 команда қатысты, оның тоғызы - Қазақстан құрамасы, сегізі - шетелдік команда. Қазақстан атынан Адай, Әулиеата, Найман, Жетісу, Қостанай және Көшім тұқымының сәйгүліктерін ауыздықтаған Жетісу, Маңғыстау (қыздар), Маңғыстау (ерлер), Шығыс Қазақстан, Ақтөбе, Қостанай, Ақмола (қыздар), Жамбыл облыстарының және Алматы қаласының командалары қатысты.
Сондай-ақ халықаралық марафонға Түркия, Венгрия, Иран, Оңтүстік Африка Республикасы, Қырғызстан, Ресей Федерациясының құрамына кіретін Татарстан, Қабардин-Балқар, Қарашай-Черкес сияқты елдің спортшылары қатысты.