logo

Бапкер Қайпанов пен Айтмұханның жеңілуінің себебін түсіндірді

Бапкер Қайпанов пен Айтмұханның жеңілуінің себебін түсіндірді

Загребте (Хорватия) еркін күрестен 2025 жылғы әлем чемпионаты аяқталды. Бұл дода қазақстандық жанкүйерлерге сан алуан әсер қалдырды. Бір жағынан, балуандарымыз екі медаль жеңіп алды. Алайда үміт артылған балуандарымыз бұл жолы жеңіс тұғырының биігіне көтеріле алмады.

Біздің құраманың басты олжасы — екі қола медаль. Үшінші орынға Асылжан Есенгелді (61 келіге дейін) және Нұрқожа Қайпанов (70 келіге дейін) көтерілді.

Асылжан жарысты қарқынды бастады. Іріктеу кезеңінде өзін жақсы жағынан көрсетті. Бірақ жеребеде жолдас болмады. Ол ширек финалда Олимпиада чемпионы ресейлік Заур Угуевпен кездесті. Угуев қазақстандық балуанды жеңіп қана қоймай, әлем чемпионы атанды.

Есенгелді жұбаныш белдесулерінде қарсыластарын сенімді түрде жеңіп, шешуші тартыста америкалық Джексон Форрестке қарсы қайсарлық танытып, қола медальға қол жеткізді.

«Камбэк шебері» деген бейресми атаққа Нұрқожа Қайпанов ие болды. Ол қатарынан екі рет есепте ұтылып жатып, жеңіске жетті. Алдымен 0:4 есебімен ұтылып жатқан жерінен америкалық Питер Дюкті жеңді. Кейін ширек финалда мексикалық Остин Гомеске қарсы белдесуде 0:6 есебімен артта қалып, ақыры 10:8 есебімен басым түсті. Қола медаль үшін өткен тартысты белдесуде Қайпанов молдовалық Василий Дьяконды сенімді түрде жеңді.

Өкінішке қарай, басты көшбасшылардың бірі Ризабек Айтмұхан жарысты алғашқы айналымнан аяқтады. Оның қарсыласы ресейлік Магомед Курбанов финалға шыға алмай, Ризабекпен жұбаныш белдесуінде кездесті. Нәтижесінде ресейлік балуан жеңіске жетті. Жүлдеге үміткер саналатын отандасымыздың алғашқы айналымда жеңілуі жанкүйерлердің қабырғасын қайыстырды.

Бас бапкер Мадияр Құрамысов Olympic.kz сайтына берген сұхбатында жарысты қорытындылады:

«Жоспарымызды орындадық. Әрине, тағы бірнеше медаль алуға болатын еді, бірақ өкінішке қарай сәті түспеді. Айтмұхан да жүлдеден қағылды. Ризабек — өте дарынды балуан, бірақ бұл чемпионатта әлеуетін толықтай көрсете алмады. Әйтсе де қарсыласы да мықты болды.

Қайпановқа келсек, ол жартылай финалда моңғол балуаны Тулга Тумур Очирге жол берді. Нұрқожа үшін жарыс күні өте ауыр өтті, ол әбден шаршады. Сондықтан да жеңіліп қалды. Әйтпесе екі дүркін чемпионы атануға мүмкіндігі болды.

Қазіргі таңда әлем чемпионатында бәсекелестік өте жоғары. Жеңіске жету оңай емес. Көптеген мықты құрамалар жүлдесіз қалды. Бізде болса екі медаль бар, бұл да жаман нәтиже емес. Енді алдағы сайыстарға дайындаламыз, ойланатын нәрсе жетеді», — деді ол.

Айта кетсек, Камиль Куруглиев (92 келіге дейін) те қолаға таласты. Бірақ шешуші белдесуде ирандық Амирхоссейн Фирузпурбандпеимен кездесіп, мерзімінен бұрын жеңілді. Сөйтіп бесінші орынға тұрақтады. Ал Азамат Дәулетбеков (86 келіге дейін) ширек финалға дейін жетті. Бірақ француз Рахим Магамадовпен өткен кездесуде қарсыласының сәтті әдісіне тосқауыл қоя алмай, жеңіліп қалды. Басқа салмақтарда балуандарымыз жарысты ерте аяқтады.

Командалық есепте Қазақстан 48 ұпай жинап, алтыншы орын алды. Бірінші орында — Иран (145 ұпай), екінші — АҚШ (134 ұпай), үшінші — Жапония (111 ұпай).



Күн шежіресі