Әзербайжандық CBC Sport комментаторы: Қазақстан құрамасы біз үшін ерекше қарсылас
Әзербайжандық CBC Sport телеарнасының спорт комментаторы Сулейман Велиев Sport Plus Qazaqstan басылымына берген сұхбатында Қазақстан мен Әзербайжан құрамалары арасындағы кездесуден не күтетінін айтты.
– Сулейман, матчқа болжамыңызбен бөліссеңіз.
– Мен болжам жасай алмаймын, айту қиын, өйткені бұл жолдастық матч. Біздің команданың құрамында эксперименттер болатыны анық: сізде де, бізде де әзірге бас бапкер жоқ. Черчесов уақытша жұмыс істемейді, менің білуімше, Руслан Балтиев жаттықтырады, сондықтан өткен ойындардың бұл ойынға ешқандай әсері жоқ. Сондықтан құрамдардың қандай болатынын және командалардың қалай ойнайтынын болжау қиын.
– Қазақстанды Әзербайжан үшін ерекше қарсылас деп санауға бола ма?
– Бұл ойын біздің құрама үшін ерекше ме деген сұраққа келетін болсақ, жаңа бапкер әлі жоқ болғандықтан, бұл жолдастық матчтың болашақ ойындарға, оның ішінде Ұлттар лигасы мен басқа турнирлерге үлкен әсері болмайды деп айтуға болады. Бірақ қарсыласты ескерсек, Қазақстан біз үшін ерекше екені сөзсіз. Командалар шамамен тең дәрежеде және жолдастық ойын болса да, жанкүйерлер әрқашан құрамадан жақсы нәтиже күтеді.
Қазақстан құрамасының соңғы жетістіктері біздің елде ғана емес, бүкіл посткеңестік кеңістікте үлкен резонанс тудырды. Біз жақында Астанадағы ойында кездескенімізді көрдік, онда біз ұтылдық, ал Бакудегі ойында жеңдік, бірақ бұл ойын турнирлік мәнге ие болмады. Сондықтан Қазақстанның фонында өзімізді тағы бір рет дәлелдегіміз келеді, өйткені Қазақстан соңғы уақытта өте сәтті өнер көрсетіп жүр.
– Әзербайжан Де Бьязиді бапкерлік қызметтен босатты. Қазақстанды Черчесов жаттықтырады, оған Әзербайжаннан ұсыныс түскен болатын. Ол сіздерге келмегеніне өкінесіз бе?
– Иә, Станислав Черчесовтың есімі біздің құрамамен байланысты болды. Менің білуімше, байланыстар болған және Черчесов пен оның агенті оны растады. Менің ойымша, Черчесов жақсы нұсқа болар еді. Жалпы, бұл Қазақстан құрамасы үшін сәтті таңдау деп ойлаймын. Ал біз үшін де ол жақсы нұсқа болар еді. Оның жетістіктері туралы айтудың қажеті жоқ – бәріне олар белгілі.
Бір маңызды фактор бар, ол біздің құрамаларға да қатысты. Бұл елдерде посткеңестік елдерден шыққан бапкерлер әдетте нәтижелі болады. Еуропалық бапкерлер сирек нәтижеге жетеді. Соңғы мысалдар бізде – Джанни Де Бьязи, Роберт Просинечки, Берти Фоктс. Әрқайсысы өз үлесін қосты, әсіресе Роберт Просинечки кезеңі еске түседі, бірақ бұл бапкерлер айтарлықтай прогреске қол жеткізе алмады. Тіпті біздің клубтарымызда да көп нәтижелі бапкерлер посткеңестік кеңістіктен шыққан.
Черчесов сияқты посткеңестік кеңістіктен шыққан бапкер, біздің командамызға көп нәрсе бере алар еді. Бірақ оның жалақысы туралы БАҚ жазғанын ескерсек, менің ойымша, бұл бапкер үшін тым жоғары баға. Ол жалақы деңгейіне сәйкес келетін нәтиже бермес еді. Мен бұл жағдайда медиаға сенуге бейіммін, себебі Черчесов сәтсіздік қаупі жоғары құрама командаларда төмен жалақыға жұмыс істеуге келіседі деп ойламаймын.
– Қыркүйекте Ұлттар лигасы басталады, онда Қазақстан Норвегия, Австрия және Словениямен бір топқа түсті. Әзербайжан Лига С тобында Швеция, Словакия және Эстониямен ойнайды. Топтан шығу мүмкіндіктерін қалай бағалайсыз?
– Иә, өкінішке орай, бізде С лигасында өте қиын топқа түстік, бірақ бұл біздің команда үшін күтпеген жағдай емес. Мүмкіндік алғашқы екі жылда болды. Кейіннен лигалар мен дивизиондар арасында қозғалыстар басталды, сондықтан 3-4 маусымнан кейін С лигасыдамықты, орташа және әлсіз құрамалар болатыны белгілі болды. Біздің мүмкіндік алғашқы 2-3 маусымда болды. Бұл мүмкіндікті сіздің құрама өткен маусымда жақсы пайдаланды.
Бізде, әрине, өте аз мүмкіндік бар. Бәлкім, біз Эстониямен төртінші орын алмау үшін күресеміз, D лигасына түспеу немесе С лигасында плей-офф ойнамау үшін. Тіпті соңғы рет Швецияны Бакуде үлкен есеппен жеңгенімізді ескерсек те, Швецияның құрамасы басқа деңгейде, олардың қазіргі нәтижелерінің төмендігі мен сәтсіз буынына қарамастан.
Бізде айтарлықтай мүмкіндіктер жоқ. Словакияны біз Ұлттар лигасының топтық кезеңінде жеңдік, онда сіздермен бірге бір топта болдық. Бірақ кейінірек Словакия іріктеу кезеңінде Ұлттар лигасындағы сәтсіздік кездейсоқтық екенін дәлелдеді – олар Еуропа чемпионатына жолдама алды. Сондықтан бұл жолы Ұлттар лигасынан ерекше үміттеріміз жоқ.