logo

Польшалық журналист Черчесовтың Қазақстан құрамасына тағайындалуы туралы: Бұл жақсы таңдау, өйткені ол шығыстың адамы, кавказдық менталитетке ие

Польшалық журналист Черчесовтың Қазақстан құрамасына тағайындалуы туралы: Бұл жақсы таңдау, өйткені ол шығыстың адамы, кавказдық менталитетке ие

PilkaNozna басылымының журналисі Ярослав Томчик Sport Plus Qazaqstan сайтына берген сұхбатында Станислав Черчесовтың Қазақстан құрамасына тағайындалуы туралы өз ойымен бөлісті.

– Станислав Черчесов Қазақстан құрамасының бас бапкері болып тағайындалды, ол бұған дейін польшалық «Легияда» сәтті жұмыс істеді. Сіз бұл маманды қалай сипаттайсыз?

– Менің ойымша, бұл шешім қазіргі уақытта Қазақстан құрамасы үшін жақсы болуы мүмкін. Сіздің командаңыз Еуропа чемпионатына шығуға өте жақын болды және прогресс айқын көрінді. Черчесов келесі қадам жасай алады деп ойлаймын. Варшавалық клуб басшылығының күткен мақсатын толығымен орындады. Ол команданы Чемпиондар Лигасына шығарды, чемпиондықты қамтамасыз етті және Польшада жақсы тарих қалдырды.

– Черчесовтың жалақысы туралы әр түрлі инсайдтар бар, оның Қазақстан құрамасындағы жалақысы «Легиядағы» жалақыдан екі есе көп болды, яғни 1,2 миллион еуро құрайды деген сыбыстар бар. Қалай ойлайсыз ол бұндай ақшаға лайық па?

– Мен бапкерлерді олардың нәтижелеріне қарап бағалаймын, ал ол жақсы нәтиже көрсетті. Черчесов тек «Легияда» ғана емес, Ресей құрамасында және басқа жерлерде де табысты болды. Менің ойымша, ол Қазақстан құрамасы үшін жақсы таңдау болады. Ол команданы құрметтейді және тек ақша үшін келмейді, дегенмен ақша да маңызды екенін білеміз. Бірақ ол жұмыс істеуге келеді, ол кәсіби маман және өз міндеттеріне кәсіби тұрғыдан қарайды. Черчесов команданың дамуы үшін бәрін жасайды. Оның физикалық дайындыққа үлкен мән беретіні анық. Дегенмен, ол клубта жасаған әрекеттерін, құрамада жасай алмауы мүмкін, өйткені футболшылар матчтарға бірнеше күн немесе бір апта қалғанда қосылады. Егер олар дайын болмаса, бапкер не істей алады? Ол бұрын да құрамамен жұмыс істеген және бұл жұмысты түсінеді. Менің айтқым келгені, Черчесов Қазақстан құрамасы үшін жақсы таңдау деп ойлаймын, бірақ бәрін уақыт көрсетеді. Менің көзқарасым осындай.

– Ол Қазақстан құрамасына жаңа идеялар әкеліп, өткен жылғы нәтижелерден асып түсе ала ма?

– Менің ойымша, иә. Мен оны жағдайды шынайы бағалайтын бапкер деп санаймын. Әрине, мен Қазақстан ертең Бразилия құрамасын 5:0 есебімен жеңеді деп айта алмаймын. Ол футболшыны қарап, одан не күтуге болатынын нақты бағалайды. Ол мүмкін емес нәрсені күтпейді. Бұл көп нәрсені білдіреді. Бірақ ол өз көзқарасына берік маман.

Польшалық журналист Черчесовтың Қазақстан құрамасына тағайындалуы туралы: Бұл жақсы таңдау, өйткені ол шығыстың адамы, кавказдық менталитетке ие

– Сіз оның Ресей құрамасымен нәтижелер көрсеткенін айтып отырсыз, бірақ Ресей құрамасының футболшылары Қазақстан құрамасының футболшыларынан сапа мен саны жағынан әлде қайда басым. Бұл туралы не ойлайсыз?

– Иә, келісемін. Бірақ, білесіз бе, Ресей құрамасындағы футболшылар әрдайым жақсы болды, бірақ нәтижелер болмады. Әлем чемпионатында топ аса қиын болмады - қарсыластар Египет және Сауд Арабиясы. Бірақ, не десек те, олар ширек финалға жетіп, Испанияны жеңді және Хорватиямен жақсы ойнады. Қазақстан құрамасындағы футболшылар соншалықты әлсіз емес. Бұл чемпионат ойындарынан көрініп тұр. Қазақстанда 11 жақсы футболшы бар екеніне сенімдімін. Черчесов бұл ойыншыларды дамыта алады деп ойлаймын.

– Черчесовтың қарамағындағы «Легия» қандай футбол ойнады? Сол кездегі Экстраклассадағы басқа командалардан қарағанда ойыны ерекше болды ма?

– «Легияда» әрқашан чемпионатағы үздік футболшылар жиналады, бұл анық. Черчесовтың басшылығымен команда тұрақты ойнады, бұл біріншіден. Екіншіден, команда әрдайым физикалық тұрғыдан жақсы болды. Бұл көп нәрсені білдіреді, әсіресе шебер футболшыларың жақсы дайындалған болса. «Легияда» кейде тәртіп бойынша мәселелер туындайды: футболшылар Варшаваға келіп, тек футболды ғана ойламай кетеді. Бірақ Черчесовтың басшылығымен олай болмады. Барлығы жұмыс істеп, ойлары тек футболда болып, дайын болды. Бұл Польша чемпионатында жеңіске жетуге және Чемпиондар лигасына шығуға жеткілікті болды. Ол ешқандай «тики-така» ойлап таппады, жай ғана қарапайым футбол ойнады, сонымен қатар футболшылардан олар жасай алмайтын нәрсені талап етпеді.

Польшалық журналист Черчесовтың Қазақстан құрамасына тағайындалуы туралы: Бұл жақсы таңдау, өйткені ол шығыстың адамы, кавказдық менталитетке ие

– Сонда ол қазіргі заманғы футболды ұстанбайды ма?

– Мен оны қарапайым футбол ойнайды деп айтар едім. Ол өзінің командасында Кросс, Роналду немесе Месси жоқ екенін біледі. Черчесов қолда бар футболшылармен жұмыс жасап, оларды дамытады. Бұл ең маңыздысы. Ол тәжірибелі бапкер, өз мамандығын жақсы түсінеді.

– Черчесовтың Польша мен Еуропадағы БАҚ-пен қарым-қатынасы қандай болды?

– Журналистерге деген қарым-қатынасы туралы айтар болсам, оның баспасөз мәслихаттары әрқашан қызықты болатын. Сұхбат бергенде ол ашық сөйледі және әрқашан өз шарттарымен әрекет етті. Егер оған журналистің сұрағы ұнамаса, ол бұл туралы бірден айтатын, бірақ соған қарамастан қызықты әрі көңілді болатын. Журналистер оның баспасөз мәслихаттарына қатысқанды ұнататын, өйткені олардан кейін әрқашан жазатын нәрсе көп болатын. Ол сұхбаттарға ашық еді және ешқашан мәселелер туғызбайтын.

Ол футболшыларға бауыр емес, бастық екенін түсінетін маман деп айтар едім. Бұл жақсы таңдау, өйткені ол шығыстың адамы, кавказдық менталитетке ие, ол менің ойымша, қазақстандық менталитетке жақын. Сонымен қатар, ол батыста көп жұмыс істеді және тұрды. Оның жұмысында шығыс менталитеті мен батыстық білім көрінеді, бұл ерекше тәсілді құрайды.

Польшада қарым-қатынас жаман болған жоқ. Варшавадағы әріптестерім кейде сұхбаттарда оған сұрақ ұнамағанын бірден байқайтындарын айтатын. Бірақ бұл оның ойыны еді, ол сұхбаттарды өз шарттарымен өткізуін үшін солай жасайтын еді. Дегенмен, қалам шеберлерімен ешқандай қақтығыстар болған жоқ. Ол журналистермен қарым-қатынас жасаудың қажеттілігін түсінеді, бұл бапкердің кәсібі және олармен бірге өмір сүре білу керек. Станислав Черчесов -байланыстан мүлдем бас тартатын және ешкіммен сөйлескісі келмейтін жабық адам емес. Бұл жағынан қалыпты, бірақ ол журналистермен дос болмайтыны анық.