«Астананың» бұрыңғы ойыншысы Ла Лигадан кетіп, жаңа клуб тапты
Сербиялық жартылай қорғаушы Неманья Максимович испандық «Хетафе» клубынан кетіп, грекиялық «Панатинаикос» командасына қосылды, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.
«Қош келдіңіз, Неманья», — деп жазды «жасылдардың» баспасөз қызметі.
Қазіргі уақытта «Панатинаикос» Греция чемпионатында үшінші орында келе жатыр, команданы түрік маманы Фатих Терим жаттықтырады.
Максимович 2015 жылдан 2017 жылға дейін «Астана» үшін ойнап, астаналық команданың құрамында 54 матч өткізіп, тоғыз гол соққан.
«Астанадан» кейін футболшы испандық «Валенсияға» қосылды, ал содан кейін «Хетафеге» ауысып, алты жыл бойы клубтың бас ойыншыларының бірі болды.
Ойыншы Сербия жастар құрамасының құрамында Еуропа чемпионы атанып, сол команданың капитаны болған. Сербияның басты құрамасында жартылай қорғаушы 48 матч өткізген.