logo

Астанада Жақсылық Үшкемпіров турнирі өтеді

Астанада Жақсылық Үшкемпіров турнирі өтеді

11-12 наурыз күндері Елордада грек-рим күресінен қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіровты еске алуға арналған халықаралық турнир өтеді, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan

U20 жас санатында өтетін жарысқа биыл Әзірбайжан, Сауд Арабиясы, Тәжікстан, Ресей, Бельгия, Украина, Өзбекстан, Хорватия, Қырғызстан және Қазақстан командалары қатысады.

Әр жылдары әртүрлі аймақта өткізіліп келген турнир төртінші жыл қатарынан Астанада, Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе жек сарайында ұйымдастырылмақ. Оған қоса жылда мамыр айында өткізілетін жарыс биыл наурызға ауыстырылды. Оған себеп дәл осы жас санатында мамырда жарыстың көптігі. Осылайша, биылғы турнирге қатысушы елдер ең мықты деген балуандарын әкелген екен. Сонымен қатар, жарысқа бірнеше апта қалғанда шетелдік командалар Шымкентке келіп, қазақ балуандарымен бірлесе оқу-жаттығу жиынын өткізді.

Ал, Қазақстанның әр аймағынан келетін жас спортшылар үшін осы турнирде өзін көрсету әрі қарай әлемдік аренаға шығуға мүмкіндік болмақ. Еліміздің күрес мамандары жарысты жіті бақылап, ел намысын әлем және Азия чемпионаттарында қорғайтын үздіктерді іріктейді.

Жеңімпаз және жүлдегерлер он салмақ дәрежесінде 55, 60, 63, 67, 72, 77, 82, 87, 97, 130 келіде анықталады. Әр салмақта оза шапқандарға медальдан бөлек қомақты ақшалай сыйақы да табысталмақ. Ұйымдастыру комитетінің айтуынша, биылғы сома әлдеқайда жоғары болады.

Жақсылық Үшкемпіров турнирінің салтанатты ашылу рәсімі 11 наурыз күні сағат 17:30 өтеді.



Күн шежіресі