Алматыда боччадан турнир өтті
Алматыда «бочча» паралимпиадалық спорт түрінен инклюзивті турнир өтті, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan
Турнирге 40 спортшы, оның ішінде мүгедектігі бар балалар мен ересектер, сондай-ақ үкіметтік емес және коммерциялық ұйымдардың өкілдері, студенттер қатысты.
Ашылу салтанатына қатысқан Париж Олимпиадасының қола жүлдегері Гусман Қырғызбаев пен күміс жүлдегері Нұрбек Оралбай да өз тәжірибелерімен бөлісіп, жастарды спортпен айналысуға шақырды.
Демемушілер тарапынан Алматы қаласындағы ерекше қажеттілігі бар спортшыларға арналған спорт клубына бочча доптарының екі жиынтығы және бочча ойнауға арналған арнайы рампа берілді.
Бочча – доппен ойнайтын спорттық ойын. Оған тірек-қимыл аппараты бұзылған адамдар қатысады. Аталған сайыс түрі 1984 жылы Паралимпиадалық ойындар бағдарламасына енгізілген. Қазақстанда алғаш рет 2018 жылы негізі қаланып, қарқынды дамып келеді. Қазіргі таңда бұл спорт мүгедектігі бар азаматтардың, әсіресе, балалар мен жастардың арасында үлкен қызығушылыққа ие.