22 жастағы қазақстандық Түркия хоккей құрамасының ойыншысы атанды
Жақында хоккейден әлем чемпионатында Қазақстанның тумасы Бертан Демирделен Түркия құрамасының сапында дебют жасады, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.
22 жастағы Бертан Булянт Демирделен – «Астана» хоккей клубының түлегі. Ол қазір түркиялық «Буз Адамдар» командасында ойнайды.
«Мен Алматыда дүниеге келдім. Үш жасқа толғанымда Астанаға көштік. Сол жақта хоккеймен айналыса бастадым. Әкем Түркия азаматы, Алматыда тұрады және сонда жұмыс істейді. Анам Қазақстанда туған, Астанада тұрады. Қыста бос уақытымда достарыммен «Барыс» спорт кешенінің артындағы Ақбұлақ өзеніне баратынмын.
Достарымның бірі хоккеймен айналысып жүрген. Мен онымен бірнеше рет жаттығуға барып көрдім, маған ұнады», - деді ол.
Бертан Демирделен павлодарлық «Ертіс» хоккей клубында да ойнаған.
«Ертістен» кейін мансабымды Қазақстанда жалғастыруға қатысты ұсыныстар болды. Бірақ Павлодарда жүргенде түркиялық клубтан ұсыныс түсті.
Ол клубта ойнасам Түркияның ұлттық құрамасына қосылуға мүмкіндік болады екен. Мен бұл ұсынысты қабылдадым, өйткені бала кезімнен әлем чемпионатында ойнауды армандадым.
Әрине, Қазақстан құрамасының ойыншысы болуды да қаладым. Бірақ Қазақстанның жастар құрамасына шақырмағаннан кейін, ұлттық құрамаға қосылуға мүмкіндік аз екенін түсіндім», - дейді хоккейші.
2024 жылы Бертан Түркия құрамасының сапында әлем чемпионатының екінші дивизионында дебют жасады. Бірақ команда бұл жарыста соңғы орын алды.